Ақтөбе облысында жоғалып кеткен 10 жасар баланың денесі табылды
4-сынып оқушысы 29 наурыздан бастап іздестірілді.
Ақтөбе облысында жоғалып кеткен 10 жастағы баланың денесі табылды.
Мәртөк ауданында ТЖМ сүңгуірлері 2016 жылы туған жоғалған баланың денесін тапты. Дене Елек өзенінен жағадан шамамен 3 метр қашықтықта, 1,5 метр тереңдікте анықталды.
Еске сала кетсек, 29 наурыздан бастап өңірде 4-сынып оқушысына тәулік бойы іздестіру жұмыстары жүргізілген. Бала үйінен шығып, қайта оралмаған. Іздестіру жұмыстары Сарыжар ауылы маңында ТЖМ, полиция, жергілікті атқарушы органдар, әскери қызметшілер, еріктілер және жергілікті тұрғындардың қатысуымен жүргізілді.
Алғашқы сағаттардан бастап ТЖМ авиациясы жұмылдырылып, үлкен аумақтарды жедел тексеруге мүмкіндік берді. Күн сайын сүңгуірлер 30–35 км су айдынын зерттеп, жүзу құралдары арқылы 25–30 км су беті тексерілді. Жаяу топтар 15–20 км жағалау сызығын қарап шықса, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 10–15 км аумақ бақылауға алынды. Сонымен қатар эхолоттар белсенді түрде қолданылды, - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, іздестіру жұмыстары өзеннің табиғи ерекшеліктеріне байланысты күрделі болды. Иірімді арна, қатты ағыс, қалың өсімдік жамылғысы, сондай-ақ лайлы әрі көріну деңгейі төмен су.
ТЖМ су айдындары маңында қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды ескертеді:
- балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз;
- өзендер мен көлдер маңында ойнауына жол бермеңіз;
- қауіпсіздік ережелерін түсіндіріңіз;
- жабдықталмаған жерлерде шомылудан аулақ болыңыз;
- әсіресе ағыс қатты болған жағдайда аса сақ болыңыз.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысында айдалада жалғыз жүрген балақай 3 шақырым жерден табылды.
Тағы оқи отырыңыздар:
Із-түзсіз кеткен студент 17 жылдан соң қайтыс болды деп танылды
Ақтөбе облысында жоғалған бала бес күннен бері табылмай жатыр
"Анашым, менің өлгім келмейді": Жоғалып табылған 13 жастағы баланың жанайқайы жұртты толқытты