Ақтөбе облысында жеңіл өнеркәсіп неге дамымай отыр?

Ақтөбе облысында әлі күнге дейін жеңіл өнеркәсіп саласы дамымай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде өңірде екі фабрика жұмыс істейді. Олар — «A-Textile» ЖШС-на қарасты Ақтөбе тігін фабрикасы мен «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС. Қазір бұл екі кәсіпорында арнайы киімдер, ер және әйелдерге, сондай-ақ балаларға арналған спорттық, іш киімдер, пижамалар тігіледі.

Ақтөбе тігін фабрикасының өкілі Динара Маханованың айтуынша, қазір кәсіпорынның жағдайы мәз емес. Себебі фабрика бірнеше жылдан бері ғимаратты жалдап отыр, сондай-ақ табыс та бұрынғыдай емес, азайған. Соңғы кезде шет елдерден әкелінетін шикізат бағасы қымбаттаған, бұл тауарлардың бағасына әсер етпей қоймайды. Ал халық отандық өнімдерді қымбат бағаға алғысы келмейді.

«ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС-ның басшысы Надежда Шабаеваның айтуынша, бүгінде облыста арнайы киімдерге тапсырыс саны азайып барады. Оған басты себеп - аталған тауарлардың Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен көптеп әкелінуі.

Қазір біздің фабрикамызда 170 адам жұмыс істейді. Кәсіпорында металлургтерге, медицина саласы қызметкерлеріне, сауда желілерінің жұмысшыларына арналып киімдер, қолғаптар, тұрмысқа қажетті төсек-орын жабдықтар тігіледі. Бағасы қолжетімді, сапасы жоғары. Дегенмен жыл өткен сайын өнімдерімізді сатуда мәселелер туындауда. Оған шет елдерден әкеліп сатылатын тауарлардың көптігі себеп болып отыр. Дегенмен жұмысымызды жалғастыра береміз, себебі отандық өнімге қашан да сұраныс бар. Қазір біз Қазақстан мен Ресейді арнайы киіммен қамтып отырмыз, — дейді Надежда Шабаева.

Қазір Ақтөбеде бұл екі фабрикадан басқа «Азая», «Шарм», «Класс» тігін цехтары жұмыс істейді. Олар мектеп формасын, арнайы киімдер тігеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы