Ақтөбе облысында жауапты мекеме салынып бітпеген тұрғын үй үшін қаржы аударған

Ақтөбе облысында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үшін салынған тұрғын үйдің техникалық заңдылыққа сәйкес келмейтіндігі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл олқылықты Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөліміне жүргізген аудиторлық тексерулер кезінде Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтады.

Департамент басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, былтыр халықтың осал тобына арналған тұрғын үй салу жобасына облыстық мәслихаттың шешімімен 672 млн теңге қаражат қарастырылған. Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша тұрғын үйдің бір шаршы метрі 262-304 мың теңге аралығында есептелген. Тұрғын үй 1986 жылы тұрғызылған.

Мұғалжар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі Қандыағаш қаласында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасылар үшін тұрғын үй сатып алу жобасы бойынша Ә. есімді жеке тұлғамен келісімшарт жасасқан. Оның жалпы сомасы — 672 млн теңге. Келісімшарт былтыр желтоқсан айында жасалынған. Жүргізілген аудиторлық тексерулер кезінде біз бөлімнің қомақты мөлшердегі қаражатты келісімшарт және тауар алу-беру актісін ұсынбай аударғанын анықтадық. Сондай-ақ тексеру кезінде пәтерлер қоныстануға дайын еместігі белгілі болды. Мәселен, әрлеу жұмыстары толық жүргізілмеген, бөлме есіктері қондырылмаған, жуынатын бөлме жабдықталмаған, ленолеум астындағы төсеніші салынбаған, 5-қабатта пәтерлер төбесінен су аққан, — дейді Қасымов.

Қазір осы жоба бойынша бюджет қаражатын кері қайтару мәселесі Мұғалжар аудандық сотында қаралып жатыр. Ал жіберген олқылықтар үшін аудан әкімі мен бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы