Ақтөбе облысында жатақхана жеткілікті ме?

Ақтөбе облысында 22 мыңнан астам студент бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мирхан Ермағанбетовтің айтуынша, келер аптадан бастап өңірде студенттерді жатақханаларға орналастыру жұмыстары басталады. Қазір Ақтөбедегі жоғары және арнаулы оқу орындарына қарасты жатақханаларда орын саны жеткілікті, тапшылық жоқ.

Биыл жаңа оқу жылында қаламыздағы 4 жоғары оқу орнында 22 270 студент білім алады. Оның 20 мыңнан астамы — күндізгі бөлімге оқитындар. 4 жоғары оқу орны жатақханаларындағы жалпы орын саны — 4580. Өткен жылы 3770 студент жатақханада тұрып, оқу жылын аяқтады. Биыл да студенттер толығымен жатақханамен қамтылатын болады, — дейді басқарма басшысы.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетінде 4 жатақхана бар. Олардағы орын саны — 2200. Ал М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 2056 орындық 5 жатақханасы бар. Сондай-ақ С.Бәйішев атындағы университетте 204 орындық бір, Қазақ-орыс халықаралық университетінде 120 орындық екі жатақхана бар.

Өңірімізде «Эрудит бизнес», «Salem space», «Skyfall» жеке студент үйлері де бар. Бұл жатақханалар интернетпен, қауіпсіз техникалық базамен жабдықталған. Былтыр бұларда 180 студент тұрды. Тұру ақысы — жылына 180-250 мың теңге, - дейді Ермағанбетов.

«Jas Otan» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштықтың айтуынша, биылғы жүргізілген мониторинг нәтижесінде студенттік жатақханалардың дені жаңартудан өткендігі анықталған.

Биыл «Жастар үйі» мен бірқатар жатақханаларды аралап, жағдайларын қарап шықтық. Барлығының техникалық базасы жақсы, интернетпен қамтылған. Жастар тарапынан шағым жоқ, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы