Ақтөбе облысында жаңа туған нәрестені сату дерегі 7 жыл бұрын да тіркелген

Ақтөбе облысында жаңа туған нәрестені сату дерегі анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хатшысы Ерболат Сарқұловтың айтуынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Департамент тарапынан перзентханада жаңа туған нәрестені сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жайларды және қатысы бар адамдарды анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу жалғасуда, - дейді ол.

Әзірге нәрестенің облыс орталығында немесе аудандық перзентханада дүниеге келгендігі белгісіз. Құқық қорғау органдары бұл жайында ештеңе айтпады. 
Біз бұл дерек бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанбыз. Алайда басқарма мамандары бұл оқиғаға қатысты ақпарат беруден бас тартты. 

Айта кету керек, қазір Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасында басшы жоқ. Бұрынғы басшы жұмысынан босатылған болатын.

Ақтөбе облысында жаңа туған нәрестені сату дерегі осыдан 7-8 жыл бұрын да тіркелген еді. Ол кезде 32 жастағы келіншек перзентханадан шыққан бойда баласын 60 мың теңгеге саудалаған. Ол бұл әрекетін «баламды асырай алмайтын болған соң бергім келді» деп ақталған. Сот процесі кезінде екі тарап та, сондай-ақ арада делдал болғаны үшін тағы бір азаматша айыпталған болатын.   

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы