Ақтөбе облысында жалғыз соғыс ардагері қалды

Ақтөбе облысында Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ардагер қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол Ақтөбе облысы Хромтау ауданында тұрады. Соғыс ардагері Василий Грецкий Украина, Беларусь, Германия, Румыния, Польша, Чехословакия майдандарында болған. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерін алған. Қазір балаларының қолында тұрады. Биыл 100 жасқа толды. Ғасыр жасаған қария Жеңіс күнінде 2 млн теңге төлемақы алады.

Осы күнге жетіп, ұрпақтарымның қызығын көріп отырғаныма ризамын. Отбасында бес ағайынды едік. Соғыс басталғанда алдымен үйдің үлкені кетті. Одан кейін 1942 жылдың жазында мені майданға жіберді. Қанша жерде от пен оқтың ортасында жүрсем де, елге аман-сау оралдым. Мүмкін тағдыр деген осы шығар?! — дейді ардагер.

Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрания Аймағанбетовтің айтуынша, бүгінде өңірде 4310 соғыс және тыл ардагері тұрады. Оның ішінде соғысқа қатысқан Василий Грецкий ғана.

Биыл Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ардагерімізге — 2 миллион 140 мың, «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен, «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгiсiн алған бір ардагерімізге — 230 мың, фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың бұрынғы тұтқыны болған бір ардагерімізге — 230 мың, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне, атап айтсақ, 52 адамға — 100-150 мың, соғыс кезінде қаза болған 222 жауынгердің әйелдеріне — 150 мың теңге көлемінде төлемақы беріледі. Сондай-ақ облыстағы 2280 тыл еңбеккеріне 100 мың теңгеден табысталса, әр түрлі жеңілдіктер бойынша соғыс ардагеріне және мүгедектігі барларға теңестірілген 1753 адамға 230 мың теңгеден беріледі, - дейді Аймағанбетов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы