Ақтөбеде ұйықтап жатқан баланың бетін тырнаған балабақша қызметкері тергеліп жатыр
Баланың анасы балабақшадағы бейнежазбадан күмәнді сәтті байқаған. Полиция қылмыстық іс қозғап, қызметкерді уақытша шеттетті.
Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Айшуақ ауылында екі жасқа толмаған баланың балабақшада жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысы бар қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұл туралы BAQ.KZ редакциясының сауалына Ақтөбе облысының Білім басқармасы мен Полиция департаменті жауап берді.
Оқиға Айшуақ ауылындағы «Айгөлек» балабақшасында болған. Баланың анасы Алинұр Шонанованың айтуынша, ол жұмыстан келген кезде ұлының бетінде тырнақ іздеріне ұқсас жарақаттарды байқаған.
Әйел балабақшаға барып, мекемедегі бейнебақылау камераларының жазбаларын көрсетуді талап еткен. Оның айтуынша, бейнежазбада көмекші тәрбиешінің ұйықтап жатқан балалардың біріне еңкейіп, оның бетіне қол тигізгені, кейін тез кетіп қалғаны көрінеді.
Баланың анасы осы әрекет салдарынан ұлының бетінде жарақат пайда болғанын айтып, құқық қорғау органдарынан оқиғаның мән-жайын анықтауды сұраған.
Баланың бетінде тырнақ іздері қалды. Шрамы өмір бойы қалып қоя ма деп қорқамын, – дейді Алинұр Шонанова.
Әйелдің айтуынша, оқиғаға дейін ауылда электр жарығы өшетіні туралы хабарланған. Оның болжамынша, балабақша қызметкері осы жағдайды пайдаланып, баланы жарақаттаған болуы мүмкін. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Сондай-ақ баланың анасы күдікке ілінген қызметкердің балабақшаның бұрынғы меңгерушісінің туған әпкесі екенін және оның тәрбиешіні әдейі кінәлі етіп көрсету мақсатында осындай әрекетке баруы мүмкін екенін болжаған. Бұл мәлімет те тергеу барысында тексеріледі.
Қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбе облысы Полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайлары мен себептерін анықтау үшін бейнебақылау камераларындағы жазбалар алынды, – деп хабарлады полиция.
Ал Ақтөбе облысының Білім басқармасы қазіргі уақытта оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Оқиғаға қатысы бар қызметкер жұмыстан уақытша шеттетілді. Аталған жағдай білім басқармасының бақылауында, – делінген басқарманың BAQ.KZ редакциясына берген жауабында.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның нақты қалай болғаны және балаға жарақаттың қандай жағдайда келгені сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде анықталады.