Ақтөбе облысында үйден шыққан өрттен 8 адам құтқарылды
Кеше Ақтөбе облысының Темір ауданындағы тұрғын үйден өрт шығып, 8 адам тілсіз жаудан құтқарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 25 сәуірде сағат 18.00-де112 пультіне Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде екі қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына келген құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде көршілес пәтерден 8 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 5 құтқарушы мен өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды.
Шақырту орнына өрт сөндірушілер келген кезде тұрғын үйдің қонақ бөлмесі өртеніп жатқаны анықталды. Зардап шеккендер жоқ. Өрт сағат 18:28-да сөндірілді. Жалын шарпыған алаң 20 шаршы метрді құрады. Өрттің шығу себебі - үй иелері май шам жағып, қараусыз қалдырған, - делінген Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз хабарламасында.
Өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтаңыз:
- Сөндірілмеген темекі мен сіріңке қалдырмаңыз, электр сымдары мен құрылғыларының дұрыстығын қадағалаңыз;
- бір желіге бірнеше электр аспаптарын қосуға жол бермеңіз және қолдан жасалған электр жылыту аспаптарын пайдаланбаңыз.
- Тек жарамды пештерді, газ және электр құралдарын пайдаланыңыз, мұржаларды күйеден уақтылы тазалап отырыңыз.
Айта кетейік, төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 бірыңғай құтқару телефонына қоңырау шалу қажет.