Ақтөбе облысында үш жылда 44 жаңа мектеп салу жоспарланып отыр
Ақтөбе облысында үш ауысымды, апатты, сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған мектептер бар. Сондай-ақ облыс орталығындағы орын тапшылығы мәселесі де әлі күнге дейін шешілмей келеді. Біз осы және өзге де мәселелер төңірегінде Ұстаздар күні қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанмен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
— Жайық Исаұлы, биыл да жылдағы дәстүр бойынша педагогтер кәсіби мерекелері — Мұғалімдер күнін атап өтеді. Бұл ретте облыста қандай шаралар ұйымдастырылады? Жалпы жаңа оқу жылындағы ұстаздардың қызметтегі құлшынысы қалай?
— Биыл облыста Ұстаздар күніне орай 5 қазанда «Қалдырған ізің мәңгілік» атты салтанатты шара өткізілетін болады. Бұл шараға 1200-ге жуық педагог пен білім саласының ардагерлері қатысады. Осындай форматтағы шаралар барлық аудандарда өткізіледі. Бұдан бөлек, 1266 педагог Оқу-ағарту министрінің ведомстволық марапатымен марапатталады. Оның ішінде «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі 42 педагогке, «Білім ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі 7 педагогке және «Еңбек ардагері» медалі 10 ардагер-ұстазға беріледі. Қалған педагогтерге Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты берілетін болады. Сондай-ақ облыс әкімінің Алғыс хатымен және 100 мың теңге көлеміндегі сыйақымен 26 педагог марапатталады.
Жыл сайын облыста «Ақтөбе облысының үздік педагогі» және «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» жергілікті ерекшелік белгілерін беру бойынша конкурс өткізіліп келеді. Биылғы аталған конкурсқа 66 педагог қатысып, ең үздік 8 педагог анықталды. Олардың үшеуі «Ақтөбе облысының құрметті ұстазы» атағына ие болып, 300 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сыйақымен марапатталса, бесеуі «Ақтөбе облысының үздік педагогі» атағына ие болып, 500 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржылай марапатқа ие болады.
— Өңірімізде қанша мектеп, қанша ұстаз және қанша оқушы бар? Биыл жаңадан ашылған және жыл соңына дейін пайдалануға берілетін мектептер жайлы айтып өтсеңіз. Оның ішінде «Жайлы мектеп» жобасына кеңірек тоқталсаңыз.
— Ақтөбе облысында 186 034 баланы оқытатын 433 мектеп бар. Оның 403-і мемлекеттік мектеп болса, 2-еуі — кешкі мектеп, 4-еуі — арнайы (түзетім) мектеп, 22-сі — жеке мектеп, біреуі — спорт мектебі, біреуі — Назарбаев зияткерлік мектебі. Осы білім беру ұйымдарында 19 666 педагог қызмет атқарады. Атап айтсақ, 97-і педагог-шебер болса, 3881-і — педагог-зерттеуші, 4177-і — педагог-сарапшы және 5971-і — педагог-модератор.
Өңірде үш ауысымды, апатты және орын тапшылығы қалыптасқан мектептердің мәселелерін шешу мақсатында 2023-2025 жылдар аралығында 24 150 оқушыға арналған 44 жаңа мектеп салу жоспарланды. Оның ішінде 620 орынға арналған үш мектеп «Білім беру инфрақұрылымын қолдау» қорынан, 4800 орынға арналған 21 мектеп жергілікті бюджет есебінен, 14 900 орынға арналған 18 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында, 3620 орынға арналған 2 мектеп жеке инвестор есебінен салынатын болады.
Салынуға жоспарланған 44 мектептің 5-еуі апатты, 9-ы үш ауысымды, 9-ы ескі,
21 орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешеді. Бұл білім беру ұйымдарының бесеуі 2023 жылы ашылса, 16-сы 2024 жылы, 23-і 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Мәселен, былтыр Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектептің 150 орындық қосымша құрылысы орын тапшылығы, №12 орта мектептің 200 орындық қосымша салынған ғимараты үш ауысымды оқыту мәселесін шешті. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы «Батыс-2» шағын ауданында 2620 орындық «BILIM SMART» жеке мектебі пайдалануға беріліп, осы аудандағы оқушылардың орын тапшылығы мәселесі шешілді. Бұдан бөлек, Алға ауданы Маржанбұлақ ауылында 300 орындық, Шалқар ауданы Шалқар қаласында 320 орындық мектеп салынып, қолданысқа берілді.
Ал биыл облыс бойынша 20 560 орынға арналған 39 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жылдың нәтижесінде 5580 орынға арналған 16 мектеп пайдалануға беруге жоспарланған. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 800 орындық 6 жаңа мектеп, атап айтсақ, «Есет батыр-3» тұрғын алабындағы 2000 орынға арналған мектеп, «Бауырластар-3» тұрғын алабындағы 600 орынға арналған мектеп, «Сазды» тұрғын алабындағы 300 орынға арналған мектеп, «Ақжар-2» ауылындағы 300 орынға арналған мектеп, «Саяжай-1» (Заречный) тұрғын алабындағы 300 орынға арналған мектеп, сондай-ақ Мәртөк ауданындағы Сарыжар ауылында 300 орынға арналған мектеп халық игілігіне беріледі.
— Балабақшалардың жайына да тоқталып өтсеңіз. Орын тапшылығы жоқ па? Биыл қанша балабақша ашылды?
— Облыста 44 615 баланы қамтитын 617 мектепке дейінгі ұйым бар. Биыл өткен жылмен салыстырғанда балабақшалар саны 42 ұйымға артты. 44 615 баланың 41 046-сі немесе 92 пайызы мемлекеттік білім беру тапсырысын алады. Нақтырақ айтсақ, мемлекеттік балабақшалар саны 388 болса (24 520 бала), жеке балабақшалар саны– 229 (20 095 бала), Жалпы білім беретін мектептер базасында бүгінде 3051 контингенті бар 154 мемлекеттік шағын орталық бар. Биыл облыста балаларды мектепке дейінгі білім мен тәрбиемен қамту көрсеткіші өсіп отыр. Мысалы, былтыр 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту үлесі 89,7 пайыз болса, биылғы көрсеткіш — 89,8 пайыз. 2 жастан 6 жасқа дейін балаларды қамту көрсеткіші — 93,1 пайыз. 3 жастан 6 жасқа дейінгілердің үлесі — 100 пайыз. Бүгінде өңірімізде 0 мен 3 жас аралығындағы 11 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр.
Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамту мақсатында 2029 жылға дейін 10 580 орынға 111 балабақша ашу жоспарланған. Облыс әкімдігімен бекітілген қадамдық жоспарда биыл 2210 орынға 23 балабақша ашу көзделген.
1 қазандағы жағдай бойынша 1606 орынға 17 мектепке дейінгі ұйым (74%-ы орындалды) ашылды. Оның біреуі — мемлекеттік 30 орындық санаторлы үлгідегі шағын орталық, 16-сы — жеке балабақша. Ашылған барлық бақшаларға мемлекеттік тапсырыс берілді. Бұл мақсатқа 611,5 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Биыл жыл соңына дейін тағы 604 орынға арналған 6 балабақша ашу жоспарланған болатын. Мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, іске қосу бойынша қадамдық жоспар толығымен орындалатын болады. Нәтижесінде 2-6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші биыл 94 пайызға жетеді. Жалпы жоспар — 94 пайызға жеткізу.
— Бүгінде облысымызда оқушылар санының көбеюінен бірқатар мектептерде орын тапшылығы бар екендігі белгілі. Бұл проблеманы жою мақсатында қандай шаралар қолға алынып жатыр? Бұл мәселе толық қашан шешіледі?
— Бүгінде облыста 3 мектеп үш ауысыммен оқиды. Барлығы Ақтөбе қаласында орналасқан. Олар: №60, №64, №78 орта мектептер. Үш ауысымды мектептер мәселесі жаңа құрылыс салумен шешілмек. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Д.Қонаев атындағы №60 жалпы білім беретін орта мектепте 600 орынға арналған қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұдан басқа №3 шағын ауданда «Жайлы Мектеп» ұлттық жобасы аясында 2000 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Ал Ақтөбе қаласындағы №78 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясындағы орын тапшылығы мәселесі «Жайлы Мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 2000 орынға арналған мектептің құрылысымен шешілетін болады. Осылайша 2025 жылға дейін Есет батыр тұрғын алабында бір ауысымда 4600 оқушыға арналған 3 нысан пайдалануға беріледі. Екі ауысымда нысандар 9200 оқушыны қабылдай алады.
Ақтөбе қаласындағы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін орта мектебіндегі үш ауысымда білім беру мәселесі алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында салынатын 3 мемлекеттік мектеп салу жоспарымен шешілмек. Үш мектептің ішінде екеуі 2000 орынға арналған болса, біреуі 900 оқушыға дейін қабылдайды. Нәтижесінде келер жылдың аяғына дейін «Алтын Орда» тұрғын үй алабында 9800 орындық 3 мектеп пайдалануға беріледі.
Облыс бойынша білім беру ұйымдарында үш ауысымдық мектеп мәселесінен бөлек орын тапшылығы да күн тәртібінде тұр. 2024-2025 оқу жылының басында 60 мектептегі орын тапшылығы – 15 840 (2022-2023 оқу жылындв — 17 844) оқушыны құрап отыр. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша 35 мектепте 11 700 астам орын жетіспейді (2022-2023 оқу жылында — 13 700). Жалпы облыста жыл сайын аталған көрсеткіш сақталуда.
Мұндай мәселе Ақтөбе қаласындағы №2, №5, №8, №11, №14, №16, №17, №18, №21, №22, №24, №28, №31, №45, №46, №47, №51, №56, №63, №71, №78, Елек, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептерде, Мұғалжар ауданындағы 5 мектепте (Қандыағаш қаласындағы №2, №3, №4 орта мектеп, Ембі қаласындағы №2, №3, №4 орта мектептер), Темір ауданындағы 3 мектепте (Ж.Кереев атындағы орта мектеп, Кеңкияқ орта мектебі, Шұбарқұдық ауылындағы №1 мектеп-гимназиясы), Мәртөк ауданындағы бір мектепте (Сарыжар орта мектебі) бар. Негізінен, бұл мектептерде инфрақұрылым қалыптасқан, себебі мектеп ғимараттары көп қабатты үйлердің арасында орналасқан. Сондықтан бұл мәселе қосымша құрылыс салу арқылы шешілуде.
Жалпы Ақтөбе облысында 2017-2023 жылдар аралығында Ақтөбе қаласы бойынша мектеп жанынан 2550 орынға арналған 14 қосымша құрылыс салынған болатын. Қазіргі таңда 1780 орынға арналған 6 жапсарлас ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Олар — Ақтөбе қаласындағы №2, №8, №47, №49, №51, №60 мектептер. Сондай-ақ осындай ғимарат құрылысын жүргізу үшін бір жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Ол —Ақтөбе қаласындағы №22 орта мектеп.
Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында — 4, Ембі қаласында 5 мектепте орын тапшылығы қалыптасқан. Аталған қалаларда 600 және 320 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде.
Үш ауысымды мектептер және оқушы орын тапшылығы бар мектептермен қатар облыста апатты, ескі, ыңғайластырылып саманнан, қамыстан салынған мектептер орнына да жаңа ғимараттар салынады. Қазіргі таңда облыс бойынша апатты жағдайда 5 мектеп болса, олардың орнына Ақтөбе қаласында және 4 ауданда жаңа мектептер салынып жатыр. Атап айтсақ, Әйтеке би ауданындағы Комсомол орта мектебі – 270, Қобда ауданындағы Терісаққан орта мектебі – 60, Шалқар ауданындағы Бозой орта мектебі – 300, Темір ауданындағы Ж.Кереев атындағы орта мектеп — 600, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы Қызылжар орта мектебі 320 орынға арналған.
Қолданыстағы үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері 2025 жылға дейін жаңа мектеп құрылысымен толық шешілетін болады.
— Облыста құрылысы ұзаққа созылған бірнеше мектеп бар. Олардың бірқатары ауылдық жерлерде орналасқан. Осы нысандар қашан қолданысқа беріледі? Сондай-ақ облыс бойынша күрделі жөндеуді қажет ететін қанша мектеп бар?
— Ақтөбе қаласы «Шилісай» тұрғын алабында білім беру ұйымының болмауына байланысты 2018 жылы 600 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы басталған. Мердігер ұйым– «НСК-СтройБаланс» ЖШС. Құрылыс жұмысының жасақталған көлемі – 80 пайыз. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жоба 2023 жылы түзетуден өткізілді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ ғимаратқа жаңа мектеп-бақша ұйымы орналастырылады.
Жалпы, бүгінде Ақтөбе облысында күрделі жөндеуді қажет ететін 24 мектеп бар. Осыған орай осы мектептер 2025-2027 жылдар аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім беру ұйымдарының тізіміне енгізілді. Атап айтсақ, Ақтөбе қаласында – 9 мектеп, Әйтеке би ауданында – 3 мектеп, Байғанин ауданында – 2 мектеп, Ырғыз ауданында – 1 мектеп, Қобда ауданында – 1 мектеп, Қарғалы ауданында – 1 мектеп, Мұғалжар ауданында – 1 мектеп, Ойыл ауданында – 1 мектеп, Темір ауданында – 2 мектеп, Хромтау ауданында – 2 мектеп, Шалқар ауданында – 1 мектеп.
— Соңғы кезде елімізде балалар арасында суицид, буллинг жасау деректері көбейіп кетті. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алуда өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Бүгінде басқарма бала құқығын қорғау, олардың заңды мүдделері мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында «Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды» басшылыққа алып, әр түрлі жұмыстар жүргізіп жатыр. Мәселен, қазір облыстағы барлық мектептерде сенім жәшіктері бар. Одан бөлек, басқарма жанында «Жан ахуал» психологиялық қолдау орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Жедел әрекет ету мақсатында білім басқармасының call-орталығы жұмыс жасап тұр. Жедел телефон желісінің нөмірі — 8-702-031-25-22. Сенім телефоны мен Call-орталық жұмысына арнайы мамандар бекітілген.
Сондай-ақ облыстағы білім беру ұйымдарында оқушылар мен ата-аналарға мамандар жоспарлы және жоспардан тыс әдістемелік көмек көрсетіп, жеке жоспарлар, бағдарламалар құрып, қолдау жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, облысымызда
психологиялық-педагогикалық сауаттылықты арттыру бағытында «Сенім. Тірек. Кеңістік» аймақтық жобасы мен «Үйлесімділік» өңірлік жобасы іске қосылып, жүзеге асырылуда.
— Қазақта: «Ауруын жасырған өледі» дейді. Қазір мектептер мен колледждерде жемқорлық тәуекелдері бар екендігі шындық. Әсіресе, кадрларды жұмысқа орналастыруда, педагогтердің біліктілігін арттыруда, оқушылардың жетістікке жетуінде мұндай жағдайлар жиі болып жатады. Бұған не дейсіз? (Өткен жылғы сертификат «жыры» есімізде).
— Педагогтердің аттестациядан өтуі кезінде олардың ұсынып отырған Педагогтер білімін бағалау (ПББ) нәтижелерін тексеру мүмкіндігі беріліп отыр. Әрбір сараптамалық кеңес мүшесі және комиссия мүшелері Ұлттық тестілеу орталығының сайты арқылы сертификаттың дұрыстығын тексере алады. Бұдан бөлек, уәкілетті орган тарапынан қағидаларға өзгеріс енгізілді. Педагогтерге аттестациядан өту жеңілдетілді. Биыл жаңа ережемен 3000-нан астам педагог аттестациядан өтті. Қазіргі таңда мыңға жуық педагогтің портфолиосы қаралуда.
— Жуырда сессия отырысында облыс әкімі Асхат Шахаров келер жылы қосымша білім беру жүйесін дамытуда облыста жаңа жобалар жүзеге асырылуы керек деген болатын. Бұл орайда қандай жоспарларыңыз бар? Қосымша білім беретін орталықтар мен ұйымдар жұмысына тоқталсаңыз.
— Облыста балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында білім саласы бойынша 49 қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Атап айтсақ, өңірде Оқушылар сарайы, үш академия, үш Оқушылар үйі, Балалар шығармашылық үйі мен орталығы, 7 кешен, 11 балалар музыка мектебі, 6 балалар өнер мектебі, балалар көркемсурет лицейі, 4 мектеп, 10 аула клубы, үш жас экологтар, туристер мен өлкетанушылар орталығы, бір балалар техникалық мектебі, бір ұшқыштар мектебі бар. Өңірдегі қосымша білім беру жүйесі ғылыми-техникалық, көркем-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетанушылық, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық, спорттық бағыттарда қызмет етеді.
Мектеп оқушыларының 85,2 пайызы, яғни 153 993 бала қосымша біліммен қамтылып отыр, оның ішінде қосымша білім беру ұйымдарындағы 953 үйірмемен 38 571 бала (ақылы үйірме саны – 413, ондағы бала саны — 13 272, ақысыз үйірме саны – 540, ондағы бала саны – 25 299) қамтылған.
Оқушыларды қосымша біліммен қамтамасыз ету мақсатында мектептерде филиалдар ашылды. Сонымен қатар өңірдегі бірегей жобалардың бірі «DARABALA.KZ» электронды платформасы жұмыс істейді.
«DARABALA.KZ» платформасы қосымша білім беру жүйесін біріздендіруге, бір орталықтан бақылау жасауға, мекемелердің жұмысына талдауға, мемлекеттік тапсырысты ашық орналастыруға, өңірдегі әр баланың қосымша білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2023 жылы Ақтөбе қаласындағы Қазанғап атындағы балалар өнер мектебіне оқушылар санының көптігіне байланысты негізгі ғимаратқа жапсарлас 150 орындық нысан салынып, қолданысқа берілді. Бүгінде 1600 бала 38 мамандық түрі бойынша тәрбиеленуде. Бұдан бөлек, бүгінде Қарғалы ауданында 150 орындық Балалар өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды 2024 жылғы қазан айында қолданысқа беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, 2025-2027 жылдар аралығында жергілікті бюджет есебінен 4 қосымша білім беру ұйымының (Қарғалы ауданында – 2024 жылы, Ақтөбе қаласында – 2025, 2027 жылдары, Мұғалжар ауданында – 2026 жылы) құрылысы жүргізіліп, іске қосу жоспарлануда.
— Өңірде бірқатар мектептерде психолог мамандар тапшы. Бұл мәселені шешу бағытында қандай жұмыстар жасалып жатыр? Қазір бір мектепке бір психолог аздық етеді, балалармен бір маманның жұмыс істеуі қиын. Бұған не айтасыз?
— Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы ҚР Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 21 шілдедегі №224 бұйрығы негізінде Ақтөбе облысында жалпы білім беру ұйымдарында 497 педагог-психолог жұмыс істейді.
Бүгінде 5 мектепте педагог-психологке қажеттілік бар. Олар Алға, Әйтеке би, Темір аудандарында. Бұл мәселені жас мамандарды тарту арқылы шешетін боламыз.
— Мектептерді интернетпен қамту, сондай-ақ оқушыларды автобуспен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталып өтсеңіз. Әсіресе, ауыл мектептерінің қайсысында осындай мәселелер бар?
— Заманауи білім беру интернет желісімен тығыз байланысты. Білім беру ұйымдарындағы сапасыз интернет мәселесі спутниктік интернет орнату болатын. Бұл интернет түрін оқу процесінде пайдалану мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де қиындық туғызатыны анық. Мұғалімдердің электронды журналды толтыруы, оқу процесінде цифрлық білім беру ресурстарын, тағы да басқа интернет мүмкіндіктерін пайдалану мүмкін емес еді. 2021 жылы шалғайдағы 121 (бұл — мемлекеттік мектептердің 30 пайызы) ауыл мектебі 1-4 Мбит/с жылдамдықтағы спутниктік интернетке қосылған болса, қазіргі уақытқа дейін оның 75-і радиорелелік байланыс түріндегі интернетке қосылып, интернет жылдамдығы 20-100 Мбит/с дейін артты, ал биыл қалған 46 мектеп Starlink интернетіне қосылып, интернет жылдамдығы 150 Мбит/с дейін артты. Сонымен қатар өңірде сапасыз спутниктік интернет мәселесі шешілді.
Ендігі мақсат — 2025 жылы жергілікті желі орнатылмаған 198 ауыл мектебіне интернет желісін орнату.
«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін өңірдегі 197 ауыл мектебін талшықты-оптикалық интернет желісіне қосу жоспарланған. Бұл ретте радиорелелік байланыс түріндегі және Starlink интернетіне қосылған мектептердің интернеті талшықты-оптикалық интернет желісімен алмастырылады. Өңірдегі 433 мектептің 432-і интернет желісіне қосылған, бір мектепте интернет болуы тиіс емес (түзету мекемесі жанындағы кешкі мектеп). Бұған дейін 46 мектепті Starlink интернетіне қосу үшін жергілікті бюджеттен 62 миллион теңге қаржы бөлінді.
Ал автобус тасымалына келсек, биыл жаңа 2024-2025 оқу жылында 71 білім беру ұйымында 12 797 оқушыға тасымалдау ұйымдастырылып отыр. Демек, автобустар білім беру ұйымдарынан 3 шақырымнан астам қашықтықта тұратын Ақтөбе қаласының 10 272, аудандардағы 2525 оқушыны күнделікті сабаққа тасымалдайды. Жалпы облыста 157 автобус күнделікті тасымал үшін пайдаланылады. Оның ішінде 62-сі мектептің балансында болса, 95-і — жалдамалы.
Ақтөбе облысында 2022-2023 жылдары жалпы құны 1 миллиард 335 мың теңгеге лизинг арқылы 32 автобус сатып алынды. Оның ішінде 23 автобус 20 орындық болса, 9 автобус — 40 орындық. Бұлардың біреуінің құны — 38,9 миллион теңге. Ал биыл Байғанин, Әйтеке би аудандарына жалпы мөлшері 45 миллион теңгеге екі автобус сатып алынды.
Сөз соңында барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Жаңа оқу жылында мұғалімдерге шығармашылық табыстар мен жетістіктер тілеймін!
- Әңгімеңізге рақмет!