Ақтөбе облысында үш ауданға автобус қатынамайды
Ақтөбе облысында бірнеше жылдан бері Ырғыз, Ойыл, Әйтеке би аудандарына автобус қатынамайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, былтыр бұл бағыттарға тасымалдаушыны анықтауға конкурс өткізуге бірнеше рет хабарландыру берілген. Алайда жолдың нашарлығына байланысты тасымалдаушылар шықпаған.
Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша 66 автобус бағыты жолаушылар қызметін жүргізеді. Оның 47-сі қалалық болса, 12-сі — облысішілік, 2-еуі — облысаралық, 5-еуі — халықаралық маршрут. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірімізде автомобиль көлігі қызметін 70,3 миллион адам пайдаланды. Бұл 2023 жылдың қорытындысымен салыстырғанда 114,2 пайызға артық. Демек, жыл артқан сайын автомобиль қызметі дамып келеді, - дейді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, былтыр облыстағы “V-Service” ЖШС компаниясы лизингке “Yutong” маркалы 8 автобус сатып алған. Соның нәтижесінде 4 автобус - “Ақтөбе- Хромтау”, 4 автобус “Ақтөбе-Қандыағаш” бағытына жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға шығарылған. Сондай-ақ 2024 жылдың мамыр айында “Ақтөбе-Шұбарқұдық”, маусым айында “Ақтөбе-Кеңкияқ”, тамыз айында “Ақтөбе-Бадамша” бағыттарына автобустар ұйымдастырылған.
Былтыр облыста облысішілік 8 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын субсидиялауға бюджеттен 341,1 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, өңірдегі жолдаушыларды тасымалдаушылар "Өнеркәсіпті дамыту қоры" акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру бағдарламасы бойынша ГАЗ А65R35 “NEXT” маркалы 10 автобус сатып алды. Бүгінде бұл жаңа автобустар Ақтөбе қаласынан Қобда, Мәртөк, Сарыжар, Маржанбұлақ және Родниковка бағыттарына қатынап жүр. Ал жыл басында “Ақтөбе-Алға” бағытында “Самира” жеке кәсіпкерлігі лизингке 2 FORD TRANZIT және ГАЗ А65R35 “NEXT” маркалы 3 жаңа автобус сатып алды, - дейді Айбек Қайыр.
Оның айтуынша, бүгінде облыста жүктерді тасымалдауда да автомобиль көлігі жетекші орын алады. Мәселен, былтыр облыста автомобиль көлігімен 36,6 млн тонна жүк тасымалданған.
Автомобиль көлігі қызметімен қатар Ақтөбе облысында соңғы жылдары теміржол қатынасы да қарқынды дамып келеді. Мәселен, былтыр облыста басқарманың бастамасымен “Ақтөбе-Шалқар” әлеуметтік маңызы бар теміржол бағыты ұйымдастырылды. Бұл тасымалдау қызметін “Сарыарқа компаниясы“ ЖШС жүзеге асырады.
Аталған пойыз 7 вагоннан тұрады. Үшеуі плацкарт болса, 4-еуі — жалпы вагон. Бұл бағыттың қатынау жиілігі - аптасына бес күн. Пойызда жол жүру ақысы плацкарт вагонда 2175 теңге тұрса, жалпы вагонның бағасы - 1020 теңге. Бұл орайда былтыр тасымалдаушының шығындарын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 433,2 миллион теңге қаржы бөлініп, нәтижесінде 270,4 мың жолаушы тасымалданды, - дейді басқарма басшысы Айбек Қайыр.
Сондай-ақ былтыр “Ақтөбе-Шалқар“ пойызына бір купелік вагон қосылыпты. Бұл вагонның сыйымдылығы 30 орын болса, оның екеуі - мүмкіндігі шектеулі жандарға, ал қалған 28 орын жолаушыларға арналған. Вагон ауаны баптағыш жүйесімен, арнайы орындармен және мүмкіндігі шектеулі жандардың арбаларымен пойызға мінуі мен түсуіне арналған көтергіш құрылғылармен жабдықталған.
Биыл облыста тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау үшін облыстық бюджеттен 494,8 миллион теңге қарастырылды. Жыл басынан бері “Ақтөбе-Шалқар“ пойызының құрамы бір купелік 3 плацкарт және 4 жалпы вагоннан тұратын болды. Өткен жылы қазан айынан бастап "Жолаушылар тасымалы" акционелік қоғамы Батыс аймақтық филиалы аталған бағытта коммерциялық маршрутты іске қосқан болатын. Бұл пойыздың жол ақысының құны - 4800-6000 теңге аралығында. Пойыз айына 15 күн қатынайды, - дейді Айбек Қайыр.
Бүгінде Ақтөбе облысында әуе қатынасы да жақсы дамып келеді. Олай дейтініміз, өткен жылы өңірде әуе рейстерінің саны артып, ақтөбеліктердің шет елдерге тікелей ұшуына мол мүмкіндік жасалды. Мәселен, былтыр Ташкент қаласына, Грузияның Кутаиси қаласына әуе рейстері қайта ашылды. Әуежай арқылы аптасына 7 жүк рейсі орындалып, жыл қорытындысы бойынша Түркия (Ыстамбұл қаласы) және Біріккен Араб Әмірлігінен (Дубай және Шарджа қалалары) 10,1 мың тонна жүк тасымалданып, Ақтөбе әуежайы республика бойынша жүк тасымалының көлемі бойынша Алматыдан кейін екінші орынға шықты. Өңірге келген жүктің 90 пайызы — Ресей Федерациясына, 10 пайызы Қазақстанның батыс өңірлеріне таратылады.
Ақтөбе халықаралық әуежайы терминалының өткізу қабілеті - сағатына 400 адам. Егер бір күнде бірнеше рейс жүрсе, онда 1,5 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіледі. Әуежай жыл сайын әуе кемелері мен жолаушыларға қызмет көрсету көлемін арттыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 985 мың жолаушыға қызмет көрсетілді және республикалық әуежайлар арасында 6 орынға ие болды, - дейді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.
Оның айтуынша, болашақта Ақтөбе әуежайы жүктерді жинақтау және тарату бойынша бәсекеге қабілетті және сапалы қызмет көрсететін мультимодальды орталықтардың біріне айналуы мүмкін. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы тапсырма берген болатын. Осы орайда қазір Ақтөбе әуежайының жүк хабының жұмысын жандандыруда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, бүгінде әуежай аумағында “Қазпошта“ АҚ ауданы 3,2 гектар болатын инновациялық пошта терминалы хабын салу жобасын жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі – 4 млрд. теңге. Жобаны түрік компаниясы іске асырады.
Тұрғындар не дейді?
Ақтөбе қаласының тұрғыны Шахмаран Төлеқызы соңғы жылдары облыста автомобиль және теміржол қызметі қарқынды дамығанын айтады.
Зейнеткердің айтуынша, көп қалаға қарағанда Ақтөбе қаласындағы автобустардың дені — жаңа, сондай-ақ қызмет сапасы да артқан.
Демалыс күндері қаланың орталығына, сондай-ақ жаз, күз айларында өзге өңірлерге жиі жол жүремін. Сонда байқағаным, қазір жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Тек өкініштісі, жыл өткен сайын пойыз билетінің бағасы қысмбаттап барады. Былтыр жазда купенің құны 15 мың теңге болса, қазір 20 мың теңгеден асады. Дегенмен қала ішіне қатынайтын автобустардағы жол жүру бағасы арзан. Себебі қаламыздағы зейнеткерлер жеңілдікпен жүреді, - дейді қала тұрғыны.
Ал Ырғыз ауданының тұрғыны Азамат Жанұзақ Ақтөбе қаласынан Ырғыз ауылына қатынайтын автобустардың болмауы бүгінде өзекті мәселеге айналып отырғанын жасырмады. Себебі такси бағасы шарықтап барады, ал ауыл тұрғындары үшін автобус тиімді. Себебі бағасы арзан, әрі қауіпсіз.
Қазір Ақтөбе қаласы мен Ырғыз ауданы арасында жол апаты көп. Өйткені “Самара-Шымкент” тас жолы бойымен жүретін жүк көлігі күн санап көбеюде. Олар жолды жауып, жеңіл көліктердің емін-еркін жүруіне кедергі жасайды. Кейде жүргізушілер асығып, абайсызда жолдан шығып кететін жағдайлар болады. Сондықтан жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және қаражатын үнемдеуіне байланысты қоғамдық автобус шығару қажет, - дейді ол.