Ақтөбе облысында тойға барған 102 адам ауруханаға түсті
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында орналасқан «Тұмар» мейрамханасына барған азаматтар арасында ішек инфекциясына күдікті жаппай сырқаттану дерегі тіркелді.
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаппай ішек инфекциясына күдікті жағдай тіркелді. Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында өткен іс-шараларға қатысқан азаматтар медициналық көмекке жаппай жүгініп, қазір оқиғаның себептерін анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі жергілікті әкімдікке сілтеме жасап.
Оқиға қалай басталды?
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, алғашқы науқастар 19 маусымнан бастап ауруханаларға түсе бастаған.
Қандыағаш қаласындағы қоғамдық тамақтану орнында өткен шараға қатысқан азаматтарда ішек инфекциясына тән белгілер байқалған. Осыдан кейін тұрғындар жаппай медициналық көмекке жүгінген.
Қанша адам зардап шекті?
Бүгінгі таңда Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына барлығы 102 адам жатқызылған.
Олардың ішінде 34 науқаста сальмонеллез инфекциясына күдік бар.
Барлық жағдай бойынша Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарлама жолданып, зертханалық тексерулер басталған.
Науқастардың жағдайы қалай?
Дәрігерлердің мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде.
Қазіргі уақытта барлық науқас қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде тараған «науқастар аурухана дәліздеріне орналастырылды» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейтіні хабарланды.
Қандай шаралар қабылданды?
Жағдайды бақылау және медициналық көмекті үйлестіру үшін арнайы жедел штаб құрылды.
Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберіліп, емдеу мекемелерінде қажетті төсек-орын қоры дайындалған. Сондай-ақ дәрі-дәрмек қоры жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген.
Мамандар науқастармен байланыста болған азаматтарды анықтап, оларды медициналық бақылауға алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мейрамхана жұмысы тоқтатылды
Мұғалжар аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жалғасып жатыр.
Тексеру аясында тағам өнімдерінен, ас блогынан және қоршаған орта нысандарынан сынамалар алынып, зертханалық сараптамаға жіберілген.
Эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шараларды жүргізу мақсатында «Тұмар» мейрамханасының қызметі оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін уақытша тоқтатылды.
Қазір құзырлы органдар жаппай сырқаттанудың нақты себебін анықтап жатыр. Сараптама нәтижелері дайын болғаннан кейін қосымша ақпарат жарияланады.
Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы мен санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жағдайдың тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.