Ақтөбе облысында төтенше жағдайдан 28 адам көз жұмды
Ақтөбе облысында биылғы 10 айда 528 төтенше жағдай дерегі тіркеліп, салдарынан 61 адам зардап шегіп, 28 адам көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қаһарман Оразалиннің айтуынша, биыл өңірде болған 482 техногендік сипаттағы төтенше жағдай деректерінің салдарынан 30 адам зардап шеккен, оның ішінде 14 адам қаза тапқан.
Биылғы жылдың 10 айында департаментке қарасты бөлімше қызметкерлерінің күшімен 1650 адам құтқарылып, 10 583 адам эвакуацияланды, зардап шеккен 190 адамға көмек көрсетілді. Сондай-ақ биыл авариялық-құтқару жұмыстары аясында 5023 шығу жүргізілді, - дейді ол.
Департамент басшысының айтуынша, облыста болған 46 табиғи төтенше жағдай дерегінің салдарынан 31 адам зардап шегіп, оның 13-і көз жұмған. Ал өрт қауіпсіздігінің алдын алуда өңірде он айдың ішінде 830-дан астам тексеру шаралары жүргізілген.
Нәтижесінде облыс бойынша 639 бұзушылық анықталып, 1147 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Өрт - тілсіз жау. Сондықтан мекеме болсын, тұрғын үй болсын, өрт қауіпсіздігін сақтау өте маңызды. Өкінішке қарай, соңғы жылдары облысымызда өрт оқиғалары жиілеп барады. Мәселен, жыл басынан бері облыста 469 өрт оқиғасы тіркеліп, 11 адам жарақат алды. 13 адам өрттің салдарынан көз жұмды. Материалдық шығын көлемі 255 миллион теңгеге жетті, - дейді Қаһарман Оразалин.
Оның айтуынша, соңғы жылдары облыстағы сауда орындары мен әкімшілік ғимараттарда, моншаларда, сондай-ақ автокөліктерде болатын өрт оқиғалары көбейген.
Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысында шомылу маусымы кезінде 12 адам суға кетіп, көз жұмды. Оның ішінде алтауы — бала. Сондай-ақ су айдындарында құтқарушылар 5 адамды құтқарып алды.