Ақтөбе облысында тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты өтіп жатыр

Ақтөбеде тоғызқұмалақтан VI Әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Әлем чемпионатына ұлттық спортты халықаралық аренада дамытып жүрген 20 елден спортшылар қатысып жатыр. Олардың қатарында Ауғанстан, АҚШ, Антигуа, Барбуда, Әзірбайжан, Бангладеш, Германия, Қытай, Қырғызстан, Колумбия, Латвия, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Румыния, Түркменстан, Түркия, Ұлыбритания, Үндістан, Чехия, Қазақстан елдерінің спортшылары бар.

 

Чемпионатты ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыста тоғызқұмалақтың классикалық түрінен 40 спортшы, блицтен 40 спортшы қатысып жатыр. 

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 4 мың жылдық тарихы бар қазақ халқының ұлттық спорт түрі бүгінде өңірде кеңінен насихатталып келе жатқанын жеткізді.

Тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты алғаш рет 2010 жылы ұйымдастырылды. Биыл Ақтөбеде бұл дәстүрлі шара алтыншы рет өткізіліп отыр. Өңірімізде тоғызқұмалақ кәсіпқой спорт түрі ретінде қарқынды дамып келеді, бұл спорт түрімен бүгінде 20 мыңнан астам ақтөбелік айналысады. Соңғы жылдары Ақтөбе облысы аймақтық рейтингте үздік үштікке ендік. Оны одан әрі дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалады,— деді облыс әкімі.

Шарада сөз сөйлеген Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов тоғызқұмалақтан әлем чемпионатын өткізудегі басты мақсат қазақтың ұлттық зияткерлік ойынын әлемдік деңгейде насихаттау, оның бұқаралық сипатын арттыру және үздік спортшыларды анықтау екенін атап өтті.

Сондай-ақ аталған шараға Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Б.Сәбитов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті,  Парламент Мәжілісінің депутаты М.Раманқұлов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Шараны ұйымдастырушылар — Мәдениет және спорт министрлігі, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы, Ақтөбе облысының әкімдігі, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы, сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті. 

Мен бұл шараға арнайы Астанадан келіп қатысып отырмын. Қазір чемпионаттың бірінші кезеңі өтіп жатыр. Онда спортшылар тоғызқұмалақтың классикалық түрінен жарысуда. Оған 40 спортшы қатысып жатыр. Алда екінші және үшінші кезеңге іріктеуден өткен жалпы саны 120 ойыншы қатыспақ. Биылғы чемпионатқа біздің еліміздің атынан, нақтырақ айтсақ, тоғызқұмалақтың классика түрінен Ғалымжан Темірбаев, Бексұлтан Бостандықов, Қожанәсіп Аңсаған, Әсел Далиева, тоғызқұмалақтың рапид түрінен Ринат Керейбаев, Ермұхамед Әләйдар, Ұлдана Махамбетәмин, блиц түрінен Медет Құсайынов, Әсет Қайыржанов, Гүлжанат Алдабергенова, Мөлдір Серікқызы сияқты спортшыларымыз қатысуда. Жалпы бұл шараның осы облыста өтуінің басты себебі, мұнда ұлттық спорттың аталған түрі өте жақсы дамыған. Осы облыстан шыққан әлем чемпиондары көп. Сондай-ақ шараға облыс әкімдігі үлкен қолдау көрсетіп отыр. Негізінен, бұл чемпионат әлем бойынша биыл алтыншы рет ұйымдастырылуда. Бұған дейін, атап айтсақ, ең алғаш рет чемпионат 2010 жылы Астанада, 2012 жылы Чехияның Прага қаласында, 2015 жылы Алматыда, 2017 жылы Астанада, 2019 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен болатын. Биыл чемпионаттың жеңімпаздары ақшалай сыйақымен, медальмен және кубокпен марапатталатын болады. Тоғызқұмалақтың үш түрінен жақсы нәтиже көрсеткен спортшыларға бірінші, екінші, үшінші орын беріледі, — дейді тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Дәулет Әбдікәрімов. 

Ақтөбе өңірінде өтіп жатқан дүбірлі дода 28 қарашаға дейін жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы