Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккен мәдени нысандар қайта салынады
Биыл көктемде болған тасқын кезінде Ақтөбе облысында 4 мәдени нысан су астында қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, су астында қалған нысандардың қатарында Ырғыз ауданы Нұра ауылындағы ауылдық клуб пен кітапхана ғимараты, Ойыл ауданы Екпетал ауылдық кітапханасы, сондай-ақ Қаратал ауылдық клубы мен кітапханасы бар.
Биыл Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы көшірілетін Сарыоба, Ойылдағы Қаратал ауылдарына жаңа ауылдық клуб пен кітапхана құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге облыс әкімдігі резервінен 10 млн теңге қаржы бөлінді. Ал Екпетал ауылы Ойыл ауданына көшірілуіне байланысты ауылдық кітапхананың бір штат бірлігі Ойыл аудандық орталықтандырылған кітапханасына ауыстырылды, - дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында «Ауыл - ел бесігім» бағдарламасы аясында 12 мәдени нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 5 ғимарат жаңадан бой көтеруде. Ал былтыр 4 нысан күрделі жөндеуден өткен.
Биыл облыстағы Мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бюджеттен 329 млн теңге, ал кітапханаларға кітап сатып алу үшін 13 млн теңге қаражат бөлінді. Қазір өңірімізде 234 кітапхана болса, соның 180-і ауылдарда орналасқан. Олардағы кітап қоры бүгінде 3 547 083 данаға жетіп отыр. Оның ішінде мемлекеттік тілдегі еңбектердің үлесі - 46,9 пайыз, - дейді А.Юнисова.
Бүгінде облыстағы кітапханаларда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 101 мыңнан астам кітап, газет-журнал сандық форматқа көшірілген. Алайда бұл - өте төмен көрсеткіш. Себебі сандық форматқа көшірілген құжаттардың үлесі 2,8 пайыз ғана.