Ақтөбе облысында тасқыннан кейін берілген жаңа үйлердің төбесінен су аққан
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға берілген жаңа үйлердің төбесінен су аққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр баспаналары су астында қалған нұралықтар үшін Нұра ауылында 11 мердігер 63 үй, Ырғыз ауылында 10 мердігер 51 үй салған болатын. Қазір осы үйлердің ішінде Ырғызда - 6, Нұрада 8 үйдің төбесінен су кетіп тұр.
Нұра ауылының тұрғыны Бақытылы Байбахтинаның тасқын кезінде 4 бөлмелі үйі суға кеткен. Ол былтыр қазан айында Нұра ауылына жақын Сарыоба аталатын жерден салынған тұрғын үйлерден жаңа баспанаға ие болыпты. Енді, міне, арада 3-4 ай өтпестен сол жаңа үйінің төбесінен су аққан.
Жаңа алған үйіміздің ауданы- 80 шаршы метр. Ауылымыздағы барлық үй бір типпен салынды. Жақында үйіміздің жатын бөлмесі мен кіреберісінің төбесі ылғалданып, аздап су ақты. Қазір судың орны сарғайып, көтеріліп тұр. Осы аптада бір жігіт келіп, үйдің төбесін қарап кетті, бірақ қандай жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, қандай мекемеден екенін айтқан жоқ. Жалпы, ауылымызда бірнеше үйдің төбесінен осылай су аққанын естідік, - дейді ол.
Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрберген Бекеевтің айтуынша, бұл жағдайға байланысты мердігерлер мен техникалық қадағалау ұйымдарына, сондай-ақ қор өкілдеріне қысқа мерзімде шатырларды қымтау жөнінде тапсырма берілген.
Біз өткен жексенбі күні Нұра ауылдарындағы су аққан үйлерді қарап шықтық. Қаңтар айының соңына дейін мердігерлер шатырларды жөндеу жұмыстарын жүргізуі керек. Жаңа үйлерден су кетудің басты себебі - шатырлар дұрыс қымталмаған, содан төбеге қар кіріп, еріген. Ал Ырғыз ауылындағы үйлердің шатырлары қайта жөнделіп жатыр, - дейді ол.