Ақтөбе облысында табиғатқа залал келтіргендерге 28 млн теңге айыппұл салынды

Ақтөбе облысында жыл басынан бері Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін 138 адамға 28,7 млн теңгеге 59 әкімшілік айыппұл салынған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Уснадиннің айтуынша, бүгінде аталған бұзушылықтар бойынша барлық айыппұлдар өндірілген.

Бұл бұзушылықтар департаменттің табиғатты қорғау инспекциясы жүргізген тексерулер кезінде анықталды. Атап айтсақ, биыл профилактикалық бақылау бойынша – 5, субъектіге бару арқылы оның біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтау бойынша – 4, сондай-ақ жоспардан тыс 6 тексеру жүргізілді. Ал өткен жылы департамент мамандары Экологиялық заңнама талаптарының сақталуы бойынша 45 тексеру іс-шарасын жүргізді. Нәтижесінде 404 бұзушылық анықталды. Атап айтсақ, оның ішінде 315 тұлғаға әкімшілік шара қолданылып, жалпы мөлшері 133 835 987 теңгеге 191 әкімшілік айыппұл салынды. Бұл дерек бойынша қазіргі таңда жалпы мөлшері 118 427 257 теңгеге 181 айыппұл өндірілді. Қалпына келтіру көрсеткіші – 88 пайыз. Ал 12 материал сотқа жолданды, — дейді Талап Уснадин.

Оның айтуынша, 2020 жылы Ақтөбе облысының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған 2020-2024 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Жол картасында 6 бағыт бойынша 33 шараны қамтылған. Олардың қатарында атмосфералық ауа, қалдықтар, абаттандыру, су, жер ресурстары және экологиялық мәдениетті арттыру бағыттары бар. Оның ішінде 6 іс-шара — Экология және табиғи ресурстар министрлігіне, үшеуі — кәсіпорындарға, қалғаны облыс әкімдігіне жүктелген.

Сондай-ақ былтыр облыста жоспарланған іс-шаралардың 11-і орындалған, 17-сі іске асыру сатысында. Ал алтауы орындалмаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - Архив
Өзгелердің жаңалығы