Ақтөбе облысында сыбайлас жемқорлық бойынша 15 адам сотталды

Ақтөбе облысында биыл сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша 15 адам сотталған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әлібек Ахметов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облыстық сотына 729 қылмыстық іс түскен. 

Биыл өңірде сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша 15 тұлға сотталды. Оның ішінде 7-еуіне айыппұл салынса, бір адам бас бостандығынан шектеліп, 7 қылмыскер бас бостандығынан айыру жазасымен сотталды, - дейді ол.

Оның айтуынша, биылғы 6 ай ішінде облыстық сотта 830 тұлғаға қатысты 738 қылмыстық іс қаралған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,2 пайызға артық. 

Сондай-ақ облыстық сотта үкім шығару бойынша 678 тұлғаға қатысты 605 іс қаралып, 4 адамға қатысты ақтау үкімі шығарылды. Оның ішінде екеуі — жеке айыптау ісі бойынша қаралған дерек. Жалпы жыл басынан бері өңірімізде 300 адам бас бостандығынан айырылса, 233 тұлға бас бостандығынан шектелді. Бұдан бөлек, 68 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, 54 тұлғаға айыппұл салынды. Ал он адам шартты түрде бас бостандығынан айырылды, - дейді Ә.Ахметов.

Оның айтуынша, биыл 6 айда тергеу соттары санкциялауға қатысты 1776 материал қараған. Оның ішінде 267 дерек күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы болса, 197-і — қанағаттандырылған өтініш. 70-і — қанағаттандырудан бас тартылған өтініштер.

Биыл әкімшілік істер бойынша сот төрелігін асыру бойынша 140 сот шешіміне шағым жасалды. Жалпы саны 143 іс апелляциялық тәртіпте қаралған. Сондай-ақ су тасқынына байланысты 36 адамнан талап-арыз түсіп, оның 33-і медиация бойынша шешілді, - дейді Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ербол Төлеев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы