Ақтөбе облысында су тасқынынан 3200-ден астам мал өлген

Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде 3200-ден астам мал суға кетіп, өлген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, бүгінде өңірде өлген малдың өлекселерін жинау және оларды жою жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінге дейін облыс бойынша 1223 бас малдың қалдығы жойылған.

Көктемгі су тасқыны кезінде облыста сібір жарасының 122 көміндісі мен 56 типтік мал қорымы анықталды. Бүгінде мал қорымдарынан халыққа келетін қауіп жоқ. Ал сібір жарасы көмінділері жатқан аумақтарға су басу қаупі төнді. Атап айтсақ, Мәртөк, Темір, Әйтеке би аудандарындағы бірқатар аумақтарды су басқаны анықталып отыр. Бұл орайда қазір ветеринария басқармасы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарымен бірлесіп, жергілікті жердегі сібір жарасы көмінділерінің санитариялық-техникалық жағдайы, топырақ сынамаларын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алған сынамалар зертханаға жолданады. Сібір жарасына жақын орналасқан елді мекен және шаруа қожалықтарындағы мал бақылауға алынды. Қоршаған ортаға әзірге ешқандай қауіп жоқ, — дейді басқарма басшысы.

Қазір ветеринар мамандар тұрғындарға өлген малының құжаттары мен сырғаларын әкелуді, сол арқылы тіркеу жұмыстары жүргізілетінін түсіндіріп жатыр. Бұл бағытта облыста комиссия құрылып, өлген малдарды әр аудан бойынша тіркеуде. Ережеге сәйкес, малға төленетін өтемақы нарық құнына және малдың жасына қарай төленеді. Әзірге облыс бойынша ешкім өлген малына өтемақы алмаған.

Бүгін Ақтөбе облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында өлген малдардың өлекселерін жою мәселесі сөз болды. Кәсіпкер әрі депутат Самат Қалдығұлов ветеринария және ауыл шаруашылығы басқармаларының басшыларынан өңірде су тасқыны салдарынан қанша мал өлгенін, оларға өтемақы төлеуге бюджеттен қаржы бөлінетінін-бөлінбейтінін сұрады.

Бізге жеткен ақпарат бойынша облыста ірі қара, жылқы, қой-ешкі — барлығы 10 мыңнан астам малға өтемақы төлеуге 2,2 миллиард теңге бөлінбек. Енді айтыңыздар, шынымен осынша мал өлді ме, бұл қайдан шыққан сандар? — деді депутат.

Оның бұл сауалына Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембай жауап берді.

Мал басының өлім-жетімі 10 мың бас дегенмен, бұл алдын ала болжам ғана. Қазір біз өлген малдың шығыны туралы үш түрлі тізім жасап жатырмыз. Оның ішінде суға кеткен, сырғасы түскен, өлексесі табылған малдарды саралаудамыз. Айта кету керек, қазір өлген малды көму жұмыстарында бірқатар олқылықтар болуда. Мәселен, облыстағы инсинератордың қуаты аз, сондықтан ауыл шаруашылығы министрлігінен көмек сұрадық. Облысқа үлкен үш тонналық инсинератор шақырып жатырмыз, — деді Қ.Сәрсембай.

Оның айтуынша, қазір облыс аудандарының көбінде мал қорымы бар. Мәселен Алға ауданындағы үш ауылда ғана мал қорымы жоқ. Ал қалған ауылдардың барлығы малдың өлекселерін арнайы орынға апарып көме алады.

Бүгінгі сессияда белгілі болған тағы бір мәселе — су тасқынынан зардап шеккендерге бөлінетін қаржы мөлшері. Депутаттардың бірауыздан қолдауымен бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 10 млрд теңге бөлінетін болды. 

Бұған қоса Ақтөбе облысындағы Ойыл, Қобда, Әйтеке би ауданының үйлері суға кеткен тұрғындарына, нақтырақ айтсақ, 877 отбасыға 100 АЕК көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл мақсатқа 316 млн теңге қарастырылған.

Қазіргі таңда облыс бойынша 2800 отбасыға 1 миллиард теңге көлемінде көмек көрсету көзделуде. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 6 пайыз деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында Үкіметпен бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары әзірленді. Жоспарға сәйкес, инфрақұрылымдық жобаларды, яғни, жол құрылысы, газ және ауызсумен қамтамасыз ету, тұрғын үй мәселесі республикалық бюджеттен қарастырылатын болды. Ал кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығын дамытуды қаржыландыру жергілікті бюджетке міндеттелді. Осы орайда қазір облыстық бюджеттен жалпы мөлшері 14,6 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Оның 10 миллиард теңгесі төтенше жағдай салдарын жоюға жұмсалса, 2,7 миллиард теңге — көктемгі егіс егу және егін жинау жұмыстарын жүргізуге, 1,2 миллиард теңге — «Даму» қоры арқылы несиелердің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялауға, 435 миллион теңге өткен жыл соңында бекітілген 7 жобаны қосымша қаржыландыруға бөлінеді, — деді Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатов.

Биылғы су тасқыны кезінде облыстың 6 ауданында және Ақтөбе қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Қызыл судың салдарынан тұрғын үйлер, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдары, көпірлер, қорғаныш бөгеттері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мәдениет нысандары мен мектеп ғимараттары зардап шекті.

Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Нұрлыбек Өнербаетың айтуынша, су тасқыны кезінде өңірге келген шығын көлемі — алдын ала болжам бойынша 51 млрд.теңге.

Бұл қаражатқа баспанасы суға кеткендерге тұрғын үй салу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жасақтау, өтемақы төлеу, облыстағы жолдар мен көпірлерді жөндеу, 15 әлеуметтік нысан ғимаратын жөндеу, мал шығыны үшін өтемақы төлеу, орман шаруашылығын қалыпқа келтіру жұмыстары кіреді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен су тасқынының салдарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Алдын ала деректеріне сәйкес, анықталған қаражаттың 40,0 миллиард теңге шегіндегі қаражатын республикалық бюджеттен бөлуге ұсыныс енгізу көзделіп отыр, — дейді Н.Өнербаев.

Жауапты мамандар қалай болғанда да судан зардап шеккен облыс халқына тиісті өтемақы және өлген малының құны төленетінін айтады. Ол үшін қазір арнайы комиссиялар жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы, жұмыстың нәтижесін сабырлықпен күту керек. Және баспанасы мен малына өтемақы алғысы келетін азаматтар заңды құжатын тіркетуге тиіс...

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы