Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр

Ақтөбе облысында су тасқынына қарсы белсенді іс-шаралар жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бір тәулік ішінде Байғанин, Қобда, Ырғыз, Мәртөк, Мұғалжар, Ойыл, Темір және Шалқар аудандарында инертті материалмен қаптар төсеу жұмыстары жүргізілді. Барлығы инертті материал салынған 10 000-нан астам қап төселді, 30 000-ға жуық текше метр су сорылды.

Жалпы, су тасқыны кезеңі басталғаннан бері Ақтөбе облысы бойынша 390 000-нан астам текше метр су сорылды, 26,1 шақырым арық тазартылды, интерт материал салынған 24 000-нан астам қап төселді, ұзындығы 175 метр уақытша бөгет салынды, ұзындығы 500 метр жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша елді мекендерден шамамен 525 000-ға жуық текше метр қар шығарылды.  Ақтөбе қаласында Сая тұрғын алабынаның жоғарғы жағында және Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында 200 метр су бұру каналы қазылды.

Қазіргі таңда Қобда ауданының Қобда ауылында тартылған күштер мен құралдармен 51 тұрғын үйден су сору жұмыстары жалғасуда. Бұған дейін эвакуацияланған 74 адам уақытша эвакуациялау пункттерінде, 230 адам туыстарының үйлеріне орналастырылды.

Жағдай тұрақты бақылауда.

Өңірде көктемгі су тасқыны кезеңінде жедел шаралар қабылдау мақсатында облыстық су тасқынына қарсы штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

«Жедел желі» телефоны жұмыс істейді, оған ақпараттық сипаттағы 116 қоңырау түсті.

Қазіргі уақытта Ойыл өзенінің арналарындағы су деңгейіне мониторинг жүргізілуде, көрсеткіштері бойынша жедел шешімдер қабылданатын гидропосттар қойылды. Өткен тәулікте Ойыл ауданының Екпетал және Қаратал ауылдарынан 105 тұрғын алдын ала эвакуацияланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы