Ақтөбе облысында спорт саласында ақша жымқырғандар ұсталды
Ақтөбе облысында ақша жымқырған спорт мектебінің бас есепшісі мен футбол клубының бұрынғы басқарма төрағасы ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен брифинг кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Есқали Саламатов айтып берді.
Оның айтуынша департамент Ақтөбе қаласындағы ұлттық спорт түрлері бойынша мектептің бас есепшісі 3,3 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғанын анықтаған. Қазір бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, бас есепші екі жылға бас бостандығынан шектелген. Сондай-ақ «Ақтөбе» футбол клубының бұрынғы басқарма төрағасы Ерлан Жамантаевқа қатысты да іс қозғалған. Ол клубты басқарған тұсында өзіне заңсыз 40 млн 400 мың теңге қаржы аударған. Сот Жамантаевтан аталған қаржыны кері өндіріп алды.
Бүгінде облыстың спорт саласындағы заң бұзушылықтар мұнымен шектелмей отыр. Аталған екі қылмыстық іспен қатар өңірдегі спорт мекемелерінің басшылары мен жаттықтырушылары жалған дипломмен жұмыс істегені анықталды. Қазіргі таңда бұл заң бұзушылық бойынша барлық жауапты адам қызметтерінен босатылды, — дейді Есқали Саламатов.
Спорт саласындағы былықтар аудандар да анықталуда. Мәселен, Ырғыз ауданында құрылысы бірнеше жылға созылған дене шынықтыру-сауықтыру кешені волейбол, футбол, баскетбол сияқты командалық спорт түрлеріне арналған құрал-жабдықтармен қамтылмаған. Бұл нысанды салуда тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы.
Айта кету керек, Ақтөбе облысының спорт басқармасында қазір басшы жоқ. Бұрынғы басшысы Евгений Гончаров қыркүйек айының басында қызметінен өз еркімен кеткен болатын.