Ақтөбе облысында соғыс ардагерлеріне қандай көмек берілді?

Бүгін Ақтөбе қаласында Жеңістің 78 жылдығына арналған шаралар басталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыс орталығында «Ер есімі — ел есінде» акциясы аясында мекемелер мен ұжымдар, қала тұрғындары Отан қорғаған тарихи тұлғалар мен батырлардың ескерткіштеріне гүл қойып, олардың рухына тағзым етті.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаевтың айтуынша, 5-7 мамыр аралығында Ақтөбе қаласында жалпы саны 45 ескерткішке гүл шоқтары қойылады. Сондай-ақ Отан қорғаушылар күніне орай Талғат Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтында «Ер — елдің қорғаны» мерекелік шарасы өтеді.

Жылдағы дәстүрге сәйкес, биыл да Ақтөбе қаласындағы №30238 және №6655 әскери бөлімдерінде ашық есік күні өткізіліп, әскери қызметшілер ант қабылдап, мерекелік шаралар ұйымдастырады. Ал Жеңіс күнінде «Мәңгілік алау» және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды ескерткішінің алдында, сондай-ақ қала бойынша жалпы саны оннан астам алаңда мәдени шаралар өткізіледі. Бұдан бөлек, тұрғындар Ютуб-каналы арқылы «Ер есімі – ел есінде» патриоттық шарасын да көре алады. 9 мамырда барлық жерде адамдарға қазақстандық «Жеңіс лентасы» жаппай таратылады, — дейді ол.

Ал Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Шынар Құрманбаеваның айтуынша, биыл Ақтөбе облысында тұратын үш соғыс ардагеріне 2 миллион теңгеден материалдық көмек берілген. Ал соғысқа қатысушыларға теңестірілген 415 адамға 100 мың теңгеден көмек көрсетіледі.

Биыл Жеңіс күнінде Ақтөбе облысында жалпы саны 5114 адамға 524 миллион теңге көлемінде бір реттік төлем төленеді. Олардың қатарында соғыс ардагерлері, соғыста қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлері, соғысқа қатысушыларға теңестірілген азаматтар, соғыс жылдары әскери қызметте болғандар, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталғандар, сондай-ақ тыл ардагерлері бар. Осы санаттағы 560-тан астам ақтөбелікке 50-100 мың теңгеден қаржылай көмек беріледі. Сондай-ақ соғыс ардагерлеріне бір жыл бойы коммуналдық қызметтері үшін төлем де төленеді. Бұл шаралар облыс бойынша барлық аудандарда жүрзеге асырылады, — дейді Құрманбаева.

Айта кету керек, былтыр Ақтөбе облысында 8 соғыс ардагері болса, биыл Жеңіс күніне соның үшеуі ғана жетіп отыр. Үш соғыс ардагері де ғасыр жасаған қариялар. Атап айтсақ, Сатылған Бекмағамбетов биыл 102 жасқа толып отыр. Ол Ақтөбеде құрылған 101-атқыштар дивизиясы құрамында болып, Мәскеу, Ржев, Смоленск жерін жаудан азат етуге қатысқан. Аталған дивизия құрамында болып, елге жалғыз оралған ол бірнеше жерінен жарақат алған.

Екінші жауынгер — кезінде Днепрді жаудан қорғағандардың бірі 99 жастағы Қазтай Тыныштықов. Ол Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында тұрады. Ал І Украина мен Белорусь майданында болған Василий Грецкий соғыстан елге келген соң көп жыл бойы теміржол саласында еңбек еткен. Оның да жасы жүзден асты.

Жыл өткен сайын облысымызда соғысқа қатысқан ардагерлердің саны азайып барады. Биыл, міне, Жеңіс күнін өңірімізде үш ардагер қарсы алғалы отыр. Біз олардың ерлігін болашақ ұрпаққа жеткізіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсетуіміз керек. Майданда жүріп, елін қорғаған, жаудан елімізді азат еткен майдангерлеріміз біздің есімізде мәңгіге сақталады. Осы орайда биыл облысымызда түрлі патриоттық, мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылып жатыр. Соның бірі бүгін Мұғалжар ауданы Ембі қаласында тұратын соғыс ардагеріміз Қазтай Тыныштықовтың құрметіне еркін күрестен жасөспірімдер арасында республикалық жарыс өтуде. Оған соғыс ардагерінің ұрпақтары қатысып жатыр. Түстен кейін турнирдің жеңімпаздары марапатталатын болады. Сондай-ақ 9 мамыр күні басқа да ардагерлеріміздің үйіне барып, оларға сый-құрмет көрсетеміз, — дейді Ақтөбе облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы