Ақтөбе облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу басталды

Жалпы 784,4 мың га жер өңделеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы шегіртке зиянкестеріне қарсы алдын-алу іс-шаралары туралы облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаевтың қатысуымен өткен жиында айтылды. 

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың айтуынша, шегіртке дернәсілдерінің алғашқы жер бетіне шығуы 3 мамырда Ырғыз ауданының аумағында тіркелген. 

Бүгінде шегіртке Байғанин, Қобда, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Шалқар аудандарында ұшып жүр. 15 мамырдан бастап Ойыл ауданында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу басталған. Қазіргі уақытта 510 га жер үсті желдеткіш-бүріккіштермен өңделді. Өткізілген конкурстың қорытындысы бойынша «Ақтөбе-Құнарлылық» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. 

Дәрі жер бетіне ғана емес, сонымен қатар әуеден де себіледі. Фитосанитариялық жағдайды жақсарту және саяқ шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру мақсатында биылғы жылға облыстық бюджеттен 304,5 млн теңге бөлінді. Қазірдің өзінде 55,3 мың литр дәрі сатып алынды. Олар облыстың барлық қала, аудандарына таратылды, - делінген хабарламада.

Жалпы шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру мәселесін облыстық және аудандық штабтар бақылайды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы