Ақтөбе облысында шалғай ауылдың халқы көгілдір отынды күтіп отыр
Бүгінде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қарасай ауылында небәрі отыз шақты ғана түтін қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл халқы қазір көгілдір отынның келгенін күтіп отыр. Кеңес заманынан бері қи мен көмір жағып, бейнеттен арылмаған қарасайлықтар алдағы уақытта күл шығарудан құтылғысы келеді.
Қазір ауылымызда отыз шақты ғана үй қалды. Көп адам қалаға көшіп кетті. Ауыл тұрғындарының дені — мал шаруашылығымен күнелтіп отырғандар. Мұнда негізгі мектеп бар. Бүгінде ол да жабылудың алдында тұр. Себебі оқушы аз. Былтыр ауылда медициналық пункт бой көтерді, ауырған адамдар сол жерден медициналық көмек алады. Тұрғын саны аз болған соң мұнда басқа әлеуметтік нысандар салынып жатқан жоқ. Ауыл тұрғындарының бар тілегі — көгілдір отынның келуі. Алайда бұл ауыл әзірге жобаға кірмей тұр, - дейді осы ауылдан шыққан кәсіпкер Хамит Өтеуұлы.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұршашқан Ізбасарованың айтуынша, Құмтоғай ауылдық округінің көгілдір отынмен қамтылуы газ құбырына қосылу нүктесі елді мекенге қашық болуына байланысты әзірге мүмкін болмай отыр. Дегенмен 2026-2027 жылдары бұл мәселе қарастырылатын болады.
Ырғыз ауданында 18 ауылдық елді мекен болса, қазіргі таңда соның 8-і ғана газдандырылған. Биыл Жарма ауылына газ барады. Сондай-ақ Құйылыс ауылын газдандыруға жобалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды, - дейді ол.
Айта кету керек, аталған ауданда 18 елді мекеннің 16-сы орталықтандырылған ауызсу желісін пайдаланып отыр. Оның ішінде Қарасай ауылына 2023 жылы кешенді блок модуль орнатылған. Ал былтыр Ақши су айдау стансасын қайта жарақтандыру үшін жобалық- сметалық құжаттар дайындалған.