Ақтөбе облысында «сақалды» құрылыстар неге тоқтап тұр?

Бүгінде Ақтөбе облысында мемлекеттің қаржысына салынып жатқан құрылыс нысандарының ішінде оннан астам ғимарат «сақалды» құрылыстар қатарына енген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровтың айтуынша, бүгінде өңірде бюджеттің қаржысына салынып жатқан, құрылысы ұзаққа созылған 12 нысан бар. Оның ішінде төртеуі мектеп болса, қалғаны — спорт кешендері мен арендалық тұрғын үйлер.

Бұл нысандардың құрылысының кешеуілдеуінің басты себебі — жауапты мердігер ұйымдардың келісімшарттағы міндеттемелерін уақытында әрі жауапкершілікпен атқармай отырғандығы. Мәселен, жоғарыда аталған төрт мектептің құрылысын жүргізу міндетін «Ер-Қанат Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған. Алайда аталған компания әр түрлі себеп айтып, білім беру нысандарының құрылысын аяқсыз қалдырып отыр. Мектептерден басқа бұл мекеменің мойнында тағы екі нысан бар. Сонда бұл компания жалпы саны алты нысанның құрылысына жауапты. Бұл жерде айта кету керек, аталған нысандардың барлығының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Мәселен, проблемалық нысандар қатарындағы мектептердің бірі Ырғыз ауданындағы Жарма ауылында болса, енді бірі Мұғалжар ауданындағы Алтынды елді мекенінде, тағы екі мектеп Қобда ауданында салынып жатыр. Бұл жобалардың барлығы жоспарға сәйкес 2022 жылы аяқталуға тиіс еді. Қазір біз осы компанияны жауапқа тартып, сотқа бердік, — дейді басқарма басшысы.

Белгілі болғандай, жуырда сот «Ер-Қанат Сервис» ЖШС-нан келісімшарттағы міндеттемелерін орындамағаны үшін бір құрылыс нысанынан 10 млн теңге қаржы өндіртіпті. Алдағы уақытта басқа да нысандар бойынша сот отырыстары болмақ. Қазір Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы аталған нысандардың құрылысын жүргізу бойынша конкурстар өткізіп жатыр. Егер мердігер ұйымдар анықталса, құрылыс жұмыстары қайта жалғасатын болады.

Нағымжан Алдияровтың айтуынша, бүгінде өңірдегі тағы бір салада проблемалық нысандар тіркеліп отыр. Олар — Ақтөбе қаласы мен төрт ауданда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендері. Бұлардың бірқатарының құрылысы басталғанына бес жылдан астам уақыт болған.

Биыл аталған спорт кешендерінің төртеуінің мәселесін шештік. Қалған бір нысан, атап айтсақ, Әйтеке би ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы ауылда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қазір тоқтап тұр. Өкінішке қарай, бүгінде бұл нысанға жауапты екінші мердігер мекемемен де соттасып жатырмыз. Бұл спорт кешенінің құрылысы 2017 жылы басталған. Содан бері спорттық нысан әлі салынып жатыр. Жалпы облыста нысандарды пайдалануға беру бойынша уақытын кешеуілдетіп жатқан мердігер компаниялармен ретке келтіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қазір проблемалық нысандар бойынша қайта келісімшартқа отырып, конкурстар арқылы қайта жауаптыларды бекітуге тырысып жатырмыз. Биыл бұлардың көбі жылдың аяғына дейін қолдануға берілуі керек, — дейді Н.Алдияров.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбе облысында құрылысы жүріп жатқан 220-дан астам нысан бар. Жоспарға сәйкес, бұл нысандардың 50 пайызы жыл аяғына дейін аяқталуы керек. Оның ішінде Алтынды, Талдысай, Терісаққан елді мекендеріндегі мектептер де бар. Ал Ырғыз ауданына қарасты Жарма ауылындағы мектеп құрылысы келер жылға қалуы мүмкін.

Ал Ырғыз ауданының орталығындағы спорт кешені биыл тамыз айының ортасында пайдалануға беріледі. Сол сияқты Хромтау қаласындағы спорт кешенінің құрылысын да биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз, — дейді басқарма басшысы.

Ал облыс орталығындағы «сақалды» құрылыстар қатарына енген екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы әлі жалғасатын тәрізді. Өйткені, аталған спорт кешендерінің құрылысына қажетті материалдар Словениядан әкелінуі керек. Ал әлемде болып жатқан геосаяси жағдайға байланысты құрылыс материалдары елге жеткізілмей отыр. Соның салдарынан қазір бұл екі нысанның да «тағдыры» белгісіз.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір өңірде арендалық тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуде де бірқатар мәселелер болып отыр. Атап айтсақ, бүгінде Хромтау және Алға ауданында салынып жатқан арендалық тұрғын үйлердің құрылысы тоқтап тұр. Басты себеп — мердігер мекемелердің құрылыс жұмыстарын өз уақытында аяқтамауы.

Облысымызда мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуде қазір мәселе жоқ. Тек екі ауданда арендалық тұрғын үйлердің құрылысы ұзаққа созылып кетті. Оның бірі — Хромтау қаласындағы көпқабатты екі тұрғын үй болса, екіншісі — Алға ауданындағы бес қабатты тұрғын үй. Биыл тамыз айында Хромтау қаласындағы арендалық бір үйдің құрылысы аяқталады. Екіншісі қазан айына дейін аяқталуы керек. Ал Алға қаласындағы тұрғын үйдің құрылысы қазір тоқтап тұр. Заңға сәйкес бұл проблеманы реттеуді алдағы уақытта қарастырамыз, — дейді Н.Алдияров.

Зерттеп білгеніміздей, Алға қаласындағы бес қабатты тұрғын үйдің құрылысына жауапты «Нұр-Құрылыс-Болашақ» ЖШС екен. Бұл компания Ақтау қаласынан келіп, құрылыс жұмыстарын жүргізген.

Жалпы, Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың деніне өзге облыстардан келген компаниялар жауапты екен. Олардың көбі әр түрлі сылтау айтып, құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырып отыр. Атап айтсақ, бұл компаниялар — Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келгендер.

Жуырда Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов тиісті мекемелерге аталған «сақалды» құрылыстардың мәселесін шешуді тапсырған-ды. Өкінішке қарай, бұл бағыттағы жұмыстар тек сот арқылы ғана жүзеге асырылатын сыңайлы.

Облыс әкімі осы мәселені қозғай отырып, өңірде қаржысын салып, баспанасын ала алмай отырған азаматтардың бар екенін атап өтті. Мәселен, бүгінге дейін Ақтөбе облысында 600-ден астам адам үйге ақшасын салып, баспанасыз қалған. Олардың үлескер ретінде тұрғын үйлердің құрылысына салған қаржысының жалпы мөлшері 3,5 млрд теңгеден асады. Бұл тұрғын үйлердің дені Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 шағын ауданында салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл үйлердің құрылысын жылдамдату үшін әкімдіктегілер өңірге жаңа инвесторлар тартуды көздеп отыр.

 Бұлардан бөлек, қазір қаламыздың көркін бұзып тұрған, жеке кәсіпкерлер салып жатқан бірқатар нысандар да бар. Олардың қатарында мейрамханалар, қонақ үйлер, сауда орындары, тағы да басқа нысандар бар. Бұл бағытта да қазір біз жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселелер бүгінде облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр. Сондай-ақ қазір біз тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз етуге де бар күшімізді салып жатырмыз. Мәселен, бұл тұрғыда биыл Ақтөбе қаласында жыл аяғына дейін 1 миллион 260 мың шаршы метр пайдалануға берілмек. Былтыр 1 миллион 160 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген болатын, — дейді Н.Алдияров.

Айта кету керек, өткен жылдары облыста тұрғын үйлерді салу кезінде мердігер компаниялар құрылыс материалдарының жетіспеуі салдарынан бірқатар проблемалар туындағанын жеткізген болатын. Басқарма басшысының айтуынша, биыл бұл тұрғыда ешқандай мәселе туындамаған: құрылыс материалдары да, қаржы да жеткілікті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы