Ақтөбе облысында "сақалды" құрылыстар неге көп?
Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған 13 әлеуметтік нысан және үлескерлер қаржы салып, ала алмай жүрген 26 тұрғын үй бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Проблемалық құрылыс нысандарының жетеуі — білім беру, төртеуі — спорт, екеуі — медициналық мекеме. Атап айтсақ, 7 білім беру орнының бірі — 600 орындық Шилісай орта мектебі. Бұл мектептің құрылысы 2018 жылы сәуір айында басталған. Нысанның құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес, биыл тамыз айында қолданылуға берілмек. Қазір құрылыс жұмыстарын мердігер ұйым — «НСК-Строй Баланс» ЖШС жүргізуде.
Екінші нысан — Байғанин ауданындағы 150 орындық мектеп-бөбекжай. Бұл нысанның іргетасы ғана қаланған. 2021 жылы басталған жоба үш жылдан бері жүзеге асырылмаған. Келісімшарт талаптарын орындамаған мердігер ұйымға қатысты істі бүгінде сот қарап жатыр. Үшінші нысан — Ырғыз ауданы Жарма ауылындағы 60 орындық мектеп. Бұл нысанның да құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған. «Ер-Қанат Сервис» ЖШС құрылысты дұрыс жүргізбеген, қазір бұл мердігер мекемемен келісім бұзылып, нысанды салу міндеті басқа компанияға берілген. Биыл тамыз айында пайдалануға берілмек. Әзірге құрылыс жұмыстарының 50 пайызы ғана біткен.
Төртінші құрылыс — Қобда ауданы Терісаққан ауылындағы 60 орындық мектеп. Бұл мектептің құрылысы 2021 жылдың тамыз айында басталған. Жобаны жүзеге асыруға 540 млн теңге бөлінген. Бүгінде мектеп ғимаратының қабырғасы тұрғызылып, төбесі жабылған. Әлі ішкі жұмыстары жүргізілмеген. Басында бұл нысанды да «Ер-Қанат Сервис» ЖШС өз жауапкершілігіне алған. Алайда жұмыстар уақытында жүргізілмей, міне, үш жылға жуық уақыт құрылыс тұралап тұр. Жуырда бұл нысанның құрылысын аяқтауды «Стронеф» ЖШС-на тапсырылды. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жоспарға сәйкес, мектеп тамыз айында пайдалануға беріледі.
Бесінші нысан — Мұғалжар ауданы Ащысай ауылындағы 60 орындық мектеп. Бұл мектептің құрылысы осыдан бес жыл бұрын қолға алынған. Алайда әлі күнге дейін халық игілігіне берілмей отыр. Бұл нысанды конкурс арқылы «Сақ Групп» ЖШС ұтып алған. Алайда аталған компания жұмысын уақытында аяқтамаған. Бүгінде мердігер ұйыммен келісімшарт бұзылып, бөлінген қаржыны қайтару бойынша сот процесі жүруде. Әзірге бұл нысанның қай уақытта қолданысқа берілетіні белгісіз.
Алтыншы жоба — Мұғалжар ауданы Темір ауылындағы 60 орындық мектеп. Бұл нысанның құрылысы 2019 жылы шілде айында басталған. Жоба құны — 378 млн теңге. Бұл жобаны да жоғарыда аталған «Сақ Груп» ЖШС ұтып алған. Алайда мердігер ұйыммен келісімшарт бұзылған. 2022 жылы бұл нысанның құрылысын жүргізуді «ГрадСтройСервис» ЖШС өз мойнына алған. Алайда бұл мердігер мекеме де құрылысты тиісті деңгейде жүргізбеген. Қазір сот арқылы игерілмеген қаржыны қайтару жұмыстары жүргізуде. Мектептің нақты қай уақытта пайдалануға берілетіні белгісіз. Соңғы 7-нысан — Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы 150 орындық Өнер мектебінің құрылысы. Бұл жоба 2020 жылдың желтоқсан айында басталған. Құны — 786 млн теңге. Мердігер ұйым — «Стройком+Сервис» ЖШС. Қазір құрылыс жұмыстарының дені аяқталған. Өнер мектебінің айналасын абаттандыру, жарықтандыру және қоршау жұмыстары қалған. Нысан биыл 1 шілдеде қолданысқа берілмек.
Осы күнге дейін өңірімізге Қызылорда облысынан келген «Ер-Қанат Сервис», «SCS инжиниринг» секілді құрылыс компанияларының жауапсыздығынан аудандарда бірнеше нысан дер уақытында салынбады. Мәселен, «Ер-Қанат Сервис» Ырғыздағы Жарма, Мұғалжардағы Алтынды, Қобдадағы Терісаққан мектептерінің құрылысына жауапты болатын. Бұлардың бәрі де 60 орындық мектептер. Мердігер мекеме соның өзін аяқтамай тастап кеткен. Міне, әлі күнге дейін әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілмей отыр, — дейді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев.
Мәселе мердігерде ме?
Оның айтуынша, бүгінде облыстағы «сақалды» құрылыстардың қатарын спорт кешендері толықтыруда. Мәселен, 2018 жылы құрылысы басталған Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов атындағы ауылдағы 150 адамға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені әлі күнге дейін қолданысқа берілмей отыр. Оған басты себеп — мердігер ұйымның құрылыс жұмыстарын тиянақты жүргізбеуі. Нәтижесінде алғашқы мердігер ұйым — «Актобе Электро Сеть Строй» ЖШС жұмысты жүргізбей тастап кеткен. Кейін нысанның құрылысын жалғастыру үшін жобалық-сметалық құжаттары қайта жасақталған. Жаңа мердігер мекеме анықталып, 2022 жылы жұмыс қайта жанданған.
2022 жылы 22 тамызда құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге рұқсат алынған, алайда мердігер ұйым бұрынғы мердігер орындаған жұмыстардың бір бөлігінің тозуына байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарын бастаудан бас тартты. Бұдан кейін басқарма сотқа мекемені жосықсыз өнім беруші деп тану және айыппұл сомасын өндіру туралы арызбен жүгінген. 2023 жылғы 24 тамыздағы сот шешімімен мердігер жосықсыз өнім беруші деп танылды. Орнатылған құрылыс материалдарының тозуына байланысты мердігер талап арыз берді. Қазір сот процесі жүріп жатыр, — дейді Аслан Жарасбаев.
Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылында салынып жатқан спорт кешені құрылысының тұралап тұрғанына 6 жыл болды. Алғашқы мердігер «Би-М-72» ЖШС-мен сот арқылы келісімшарт бұзылған. Былтыр қайта конкурс жарияланып, «Baspana Build»ЖШС жеңімпаз деп танылған. Қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аталған нысан биыл шілде айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Көп жылдан бері құрылысы жүрмей тұрған спорт кешендерінің бірі — Хромтау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтару кешені. Бұл нысанның құрылысы 2019 жылы қыркүйек айында басталған. Содан бері құжаттарының қайта жасақталуына және мердігер ұйымды қайта анықтауға байланысты конкурс өткізілуіне орай құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Қазір бұл нысанды салу жұмыстарын «Бабэк-Құрылыс» ЖШС қолға алған. Кешеннің қай уақытта қолданысқа берілетіні белгісіз.
Соңғы спорт нысаны — Ақтөбе қаласы Батыс-2 шағын ауданындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені. Бұл кешенді салу жұмыстары осыдан 3 жыл бұрын басталған. «Интерстиль» ЖШС жоба мердігері ретінде танылған. Жобаның құны — 1 745 481,9 теңге. Қазіргі таңда облыстық бюджеттік комиссияның оң шешімімен нысан құрылысын әрі қарай жүргізуге мүмкіндік берілген. Бұл бағытта сараптама жұмыстары биыл маусым айында дайын болмақ. Әзірге бұл нысанның «тағдыры» белгісіз.
Жаңа ғимарат салынғанымен, құрылғылар тозған
Сондай-ақ Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған екі денсаулық сақтау нысаны бар. Оның бірі — Қарғалы қалалық ауруханасына жапсарлас салынған ғимарат. Бұл ғимарат жуырда пайдалануға беріледі. Өткен аптада аппарат жиынында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрбол Тымпиевке осы қосымша ғимаратты басқарманың балансына алып, тиісті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Белгілі болғандай, бұл ғимараттың құрылысы 2020 жылы басталған. Құрылыс жұмыстары төрт жыл бойы жүргізілген. Облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сабырдың айтуынша, ғимарат салынып, қолданысқа берілгенше ауруханадағы құрал-жабдықтар мен хирургиялық аппараттар ескіріп қалған. Олардың дені 2020 жылы өндірілген.
Айта кету керек, қазіргі таңда өңірдегі «сақалды» құрылыстардың қатарында аталған әлеуметтік нысандармен қатар тағы бірнеше тұрғын үй мен ғимараттар бар. Мәселен, облыста көп жобаны жүзеге асыруды мойнына алған «ГрадСтройСервис» құрылыс компаниясы кейбір нысандардың құрылысын кешеуілдетіп жүргізіп келеді. Сөз жүзінде құрылысы жүріп жатқанымен, жұмыс қарқыны төмен. Бүгінде бұл компанияның жауапкершілігінде 8 нысан бар. Атап айтсақ, Мұғалжар ауданындағы Ембі орта мектебінің жанынан салынып жатқан спорт ғимараты, Шалқар ауданындағы Мөңке би ауылындағы 150 орындық клуб, Шалқар қаласындағы спорт кешені, Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылындағы және Қобда ауданындағы Көк үй елді мекендегі орман өрт станциялары, №3 Мәртөк орта мектебінің спорт залы, Ақтөбе қаласы Қарғалы тұрғын алабындағы 150 орындық мектептен тыс білім беру мекемесі және Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылындағы А.Жұбанов атындағы орта мектебінің жанынан салынып жатқан спорт зал.
Өңірде әлеуметтік нысандармен қатар құрылысы әр түрлі себептерге байланысты кешіктіріліп жатқан тұрғын үйлер бар. Мәселен, Есет батыр тұрғын алабында салынып жатқан 9 қабатты үй төрт жылдан бері әлі қолданысқа берілмей келеді. Былтыр бұл жобаның құжаттары қайта жасақталған болатын. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңында тұрғындар игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Негізінен, бұл үй баспана кезегінде тұрғандарға жалға беріледі. Сондай-ақ осы тұрғын алабында қазір құрылысы жүргізіліп жатқан тағы үш үй тамыз айында тұрғындарға қолданысқа беріледі. Олардың барлығы — үш қабатты тұрғын үй. Бұл үйлердің құрылысы 2018 жылы басталған, — дейді Аслан Жарасбаев.
Бұдан бөлек, облыстағы бірқатар аудандарда да дәл осындай құрылысы ұзақ уақытқа созылған тұрғын үйлер бар. Мәселен, Хромтау ауданында — 60 пәтерлік, Алға қаласында — 60 пәтерлік, Ойыл ауданында — 8 пәтерлік, Ырғыз ауданында 8 пәтерлік бір тұрғын үй, сондай-ақ Әйтеке би ауданында 8 пәтерлік екі тұрғын үй, Байғанин ауданында 16 пәтерлік екі үй әлі пайдалануға берілмей келеді. Бұлардың ішінде бірнеше тұрғын үй ғана биыл қолданысқа берілмек.
Бір қуаныштысы, биыл Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған нысандардың бір бөлігі халық игілігіне беріледі. Дегенмен құрылысы мердігерлердің жауапсыздығынан тоқтап тұрған ғимараттар әлі де көп. Аталған басқарма мамандары бұл бағытта жұмыс жасап жатқанын айтады. Алайда олардың «қолы қысқа». Көп дүние соттың шешімі мен жасақталатын құжаттарға байланысты.
Үлескерлер мәселесі қашан шешіледі?
Соңғы жылдары Ақтөбе облысында үлескерлерден қаржы жинап, ақырында баспанасыз қалдырған құрылыс компаниялары көбейіп барады. Бүгінде олардың оннан астамы анықталып отыр.
Жуырда облыс әкімдігінде өткен жиында «Ақтөбе құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Нағымжан Алдияров осындай жауапсыз компаниялардың кесірінен 500-ден астам адам баспанасыз қалғанын жеткізді. Мәселен, «КазЭкоСтройАқтөбе» ЖШС — 6, «Aktobe Rom Group» ЖШС — 2, «Жилище» ТҚК — 2, «Fust and shine» ЖШС — 8, «Safina.kz» ТК — 3, «Алаш орда-1» ТҚК — 3, «Каспий Групп» ЖШС — 1 үйдің құрылысын жүргізуге тұрғындардан ақша жинаған. Қазір Ақтөбе қаласында жалпы саны 1172 пәтерлік 26 үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 845 пәтері тұрғындарға сатылған.
Аталған компаниялар қолға алған жобалардың дені қазір тоқтап тұр. Себебі бірқатар компания басшыларының үстінен іс қаралып, тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатса, енді бір жобалар сараптама жасалуға жіберілді. Дегенмен биыл жыл соңына дейін осы тұрғын үйлердің 12-сі пайдалануға берілетін болады. Бұл мақсатта біз инвесторлар тауып, оларға тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізуді тапсырдық. Атап айтсақ, бұған дейін «КазЭкоСтройАқтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мойнына алған — 3, «Fust and shine» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне берілген — 8, сондай-ақ «Aktobe Rom Group» компаниясы салуға тиіс бір тұрғын үй биыл қыркүйек және желтоқсан айларында қолданысқа беріледі. Бұл үйлерге жалпы саны 182 үлескер өз қаржысын салған, — дейді Нағымжан Алдияров.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста бұлардан басқа бірнеше құрылыс компаниясымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Олардың қатарында «Аружан», «Оскар Тауэрс», «Қазына Премим» компаниялары бар. Мәселен, бес қабатты үйдің 4-қабатын ғана салып, қалған бір қабатының құрылысын жүргізбеген «Аружан» ТК үстінен іс қозғалса, «Қазына Премим» ТК құрылысты мерзімінде аяқтамаған. Үлескерлер бұл компанияның үстінен құқық қорғау органдарына шағымдануда. Ал «Оскар Тауэрс» компаниясы 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын әлі аяқтай алмай отыр.
Қорыта айтсақ, былтыр елімізде осындай жауапсыз құрылыс салушылардың кесірінен қазақстандықтар 30 млрд теңге шығынға батқан. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 6,8 мың үлескер ақша салған 44 проблемалық нысан бар. Оның ішінде 16-сы — Астана қаласында (4,1 мың үлескер), біреуі — Алматы қаласында (155 үлескер), төртеуі — Ақмола облысында (644 үлескер), бесеуі — Атырау облысында (470 үлескер), 11-і — Ақтөбе облысында (626 үлескер), алтауы — Маңғыстау облысында (750 үлескер) және біреуі — Солтүстік Қазақстан облысында (58 үлескер).
Сөз соңында біз тұрғындарды белгісіз компанияларға үлескер ретінде қаржы салып, алданып қалмауға шақырамыз. Ал алданып қалғаныңызды түсінсеңіз, дереу құқық қорғау органдарына шағымданыңыз...