Ақтөбе облысында Салық кодексіне енгізілген түзетулер талқыланды
Үкімет өкілдері Ақтөбе облысының бизнес-қауымдастығымен Салық кодексіне енгізілген түзетулер туралы талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрамында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков пен ҚР қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов бар жұмыс тобы 250-ден астам қатысушының басын қосты, кездесуге кәсіпкерлер, мәслихат пен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы Үкіметтің ҚҚС бойынша сараланған мөлшерлемелерін белгілеу: 16%, 10%, 0% және босату жөніндегі ұсыныстарын талқылау болды. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені үшін ҚҚС-ны толығымен алып тастау және денсаулық сақтау мен коммерциялық медицина салалары үшін 10%-дық аралық мөлшерлемені енгізу бойынша ұсыныстар қарастырылды.
Біз 2023 жылдан бері ұсыныс ретінде айтып келе жатқан 0% және 10% сараланған мөлшерлеме тұжырымын қабылдағанымызға разымыз. Сіздер әзірге медицинаға 10% деп отырсыздар. Басқа нұсқалар болады ма, әлде біз қазір кімді қосуға болатынын ұсына аламыз ба?, - деп сұрақ қойды "Атамекен" палатасы Сауда және қызмет көрсету салалық кеңесінің қаржылық қызмет кіші секторының басшысы, кәсіпкер Виктория Исарова.
Ұлттық экономика вице-министрі бұл мәселеде ҚҚС бюджетті толықтырудың негізгі көздерінің бірі екенін түсіну маңызды екенін атап өтті.
ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және саралау бюджеттің мұнайдан түсетін өзгермелі кірістеріне тәуелділігін азайтуға және мемлекеттік басым жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босатуды ұсынамыз. Қазіргі уақытта шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейді және біз оны солай қалдырамыз. Ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар қажетті соманың 30%-ын төлейді. Енді олар бұл салықтан босатылып, картоп, қызанақ, пияз және қырыққабат сияқты басқа да өнімдерді бәсекеге қабілетті етеді. 10%-дық мөлшерлеме кімге қатысты беріледі деген сұрақ қосымша талқылауды қажет етеді. Сондай-ақ біз денсаулық сақтау саласы үшін төмендетілген мөлшерлемені ұсынамыз. Барлық ұсыныс жинақталып, талқыланады, содан кейін барып Сіздермен бірлесіп шешіледі, - деді Бауыржан Омарбеков.
Сонымен қатар іс-шараға қатысушылар үшін қаржы институттары, ЕДБ, "Атамекен" палатасы және басқа да ұйымдар өкілдерінен консультациялық үстелдер ұйымдастырылды, бұл кәсіпкерлерге қосымша түсіндірмелер мен кеңес алуға мүмкіндік берді.