Ақтөбе облысында қылмыс азайды ма?
Ақтөбе облыстық полиция департаментіне былтыр бюджеттен 16 млрд 932 млн теңге қаржы бөлінген. Соның 49 млн теңгесі игерілмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Департамент бастығы Абай Жүсіпов депутаттар алдында берген есебінде бюджеттен бөлінген қаржы облыс аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, ішкі істер органындағы 2072 қызметкер мен жұмысшының еңбекақысын, киім-кешегін, іссапар шығындарын, тұрғын үй жалдауын қамтуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан азаматтарды көтермелеуге жұмсалғанын атап өтті.
Өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан азаматтарды көтермелеуге 3 млн 692 мың теңге бөлінсе, соның 99,8 пайызы немесе 3 млн 685 мың теңгесі жұмсалған. Ал аталған органның күрделі шығындарының мөлшері 4 млрд 726 млн теңгеге жеткен.
Былтыр бұл қаржының 48 миллион 725 мың теңгесі қызметтік автокөліктің жеткізілмеуіне байланысты игерілмеді. Оған басты себеп — жеткізуші келісімшарт бойынша 3 пайыз төлемегені үшін адал емес жеткізуші ретінде реестрге енгізілді. Ал бөлінген қаражаттың дені 25 қызметтік автокөлікті сатып алуға және нысандарға күрделі жөндеу жүргізуге жұмсалды, - деді Абай Жүсіпов.
Оның айтуынша, былтыр Ақтөбе облысында жалпы қылмыс саны 2 пайызға азайған. Атап айтсақ, өткен жылы өңірде адам өлтіру — 4%-ға, денсаулыққа ауыр дене жарақатын келтіру — 16%-ға, тонау — 20%-ға, қарақшылық — 22%-ға, бұзақылық — 2%-ға, алаяқтық — 1%-ға, интернет-алаяқтық — 1%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау — 23%-ға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс саны 25 пайызға төмендеген.
Облыста он мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі 61 пайызды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2 позицияға төмен, - дейді ПД бастығы.