Ақтөбе облысында қайтарымсыз гранттар кімдерге берілді?
Ақтөбе облысында соңғы үш жылда елді мекендердегі кәсіпкерлерге жалпы мөлшері 420 миллион теңгеге гранттар берілген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, бүгінде өңірде 93 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 85,7 мыңы жұмыс жасап тұр. Бұл — облыстағы шағын және орта бизнес нысандарының 92,1 пайызы.
Облыста аталған салада 173,7 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Жылдан жылға бизнес саласына келіп жатқандардың саны көп. Былтыр облысымызда шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көрсеткіші 8,8 пайызға артып, оның құны 1,2 триллион теңгеге жетті. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны іске асыру үшін бюджеттен 12,1 миллиард теңге бөлінді. Ұлттық жоба шеңберінде биыл 125 жоба мақұлданды. Оның ішінде 101 жоба субсидиялау бойынша болса, 24-і — кепілдік беру жобалары, — дейді Нұрхан Тілеумұратов.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы Ақтөбе облысында кәсіпкерлік саласында жалпы саны 4549 жоба мақұлданыпты. Оның 2393-сі субсидиялау бойынша болса, 2081-і — кепілдік беру жобалары. Өңірде инфрақұрылымды жүргізу бойынша 1349,1 миллион теңгеге 38 жоба жүзеге асырылса, гранттар беру бойынша жалпы құны 140,0 миллион теңгеге 37 жоба мақұлданған. Аталған жобаларды сәтті жүзеге асырудың арқасында, сондай-ақ кәсіпкерлердің саны жағынан биыл Ақтөбе облысы екі жыл қатарынан республика бойынша көш бастап тұр.
Биыл облыста кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде ісін бастап жатқан кәсіпкерлерге 5 миллион теңгеге дейін грант беру көзделіп отыр. Бұл бизнеске ден қойған азаматтарға үлкен қолдау деуге болады. Мұндай қолдаудың артықшылығы — бизнес-идеяның жаңашылдығы және грант сомасының 10 пайызы мөлшерінде қаржыландыру бойынша қосымша талаптардың болмауы. Өкінішке қарай, мұндай қолдау биылғы жылдан бастап алынып тасталды. Дегенмен біз ауылдағы кәсіпкерлерге қолдау көрсете беретін боламыз, — деді ол.
Нұрхан Тілеумұратов Ақтөбе облысында соңғы үш жыл ішінде ауылдардағы 107 кәсіпкерге жалпы құны 420 млн теңге тұратын гранттар берілгенін айтады. Аталған жобалардың ішінде 32-сі — халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар. Оларға жалпы құны 109,8 млн теңге көлемінде гранттар бөлініпті.
Былтыр 400 айлық есептік көрсеткіш сомасындағы мұндай гранттар халықтың әлеуметтік осал топтарына және 29 жасқа дейінгі жастарға берілген болатын. Мұның ішінде осал топтарға жатқандар — атаулы әлеуметтік көмек алатын, көп балалы отбасылар, асыраушысынан айырылған, әлеуметтік жәрдемақы алушылар, қоныс аударушы қандастарымыз, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ, мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар. Міне, осындай 837 адамға біз қолдау көрсетіп, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асырғаны үшін қайтарымсыз грант бердік. Мұның бәрі — мемлекет тарапынан азаматтарға жасалып отырған қамқорлық, — дейді ол.
Айта кету керек, былтыр Ақтөбе облысы әлеуметтік кәсіпкерлікті насихаттайтын белсенді өңірлер қатарында алдыңғы орынға шықты. Соның нәтижесінде өңірдегі 10 кәсіпкерлік нысаны Әлеуметтік кәсіпкерлер субъектілері тізіміне енді. Олардың қатарында «Ателье», «Көркем», «Өмірзақова», «Ким.Т.Л», «ArtLab», «Мансұр» жеке кәсіпкерлігі, «Шеберқол оқу- өндірістік кәсіпорны», «Social Services», «ПО Глобал-Спецодежда» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Зару» шаруашылығы бар. Биыл облыста әлеуметтік кәсіпкерлердің санын арттыру мақсатында халықаралық форум өткізу жоспарланып отыр. Әзірге оның қай уақытта болатыны белгісіз.