Ақтөбе облысында қант пен пияз бағасы арзандамай тұр
Ақтөбе облысында қант пен пияз бағасы әлі шарықтап тұр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Мәселен, Ақтөбе қаласындағы Орталық базарда қант бағасы 600-800 теңге аралығында болса, «Анвар» сауда желісінде — 482 теңге. Сондай-ақ қант қоры әлі де жеткіліксіз.
Олай дейтініміз, түстен кейін сауда желілерінің сөрелерінен қант таппайсыз. Ал пияз бағасы шілде айының ортасынан бастап едәуір қымбаттады. Қазір шағын дүкендерде бір келі пияздың бағасы 360-370 теңгеге дейін шарықтап тұр.
Біз пиязды көтерме бағамен алып, қазір 350-360 теңгеге сатып жатырмыз. Биыл пияз бағасы тым қымбаттап тұр. Ал картоп бағасы — 250 теңге. Көтерме базар өкілдері елімізде пияздың қоры аз екенін айтады. Біз үстіне 20-30 теңге ғана құн қосып сатамыз. Тұтынушылар тарапынан шағым да, наразылық та аз емес. Дегенмен халық аз-аздан сатып алып жатыр, — дейді Орталық базардағы көкөніс павильонының сатушысы Райхан Әмірова.
Ал Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, өңірге өткен айда 60-тан астам вагон қант келген. Облыста қазір қант қоры жеткілікті. Мәселен, әлеуметтік дүкендерінде қанттың бір келісі 363 теңгеден сатылып жатыр. Алайда олардың мөлшері шектеулі.
Облыс бойынша тамыз айында 60-тан астам вагон қант әкелуге келісімшарт жасалды. Қазір кезең-кезеңмен қант облысқа «келіп» жатыр. Біз бағаны да, қант қорын да бақылауда ұстап отырмыз. Қазір облысымызға қант Белоруссиядан, сондай-ақ еліміздің оңтүстік өңірлерінен әкелініп жатыр. Бүгінде сауда желілерінде қанттың бір келісі 471-483 теңгеден сатылуда. Ал пияздың бағасына келсек, біздің ауыл шаруашылығы құрылымдары пиязды қыркүйек айында жинайды. Қазір пияз бізге Өзбекстан елінен және Түркістан облысынан әкелініп жатыр. Диқандар мұнда әкелгенде жолының үстемеақысын есептейді. Қазіргі таңда пияздың бір келісі — 240-300 теңге аралығында, — дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде «Amanat» партиясының облыстық филиалы мен қоғам белсенділері азық-түлік бағасына қатысты рейдтер жүргізіп жатыр. Егер жұмыс топтары сауда орындары заңға сәйкес қойылған талапты бұзғанын анықтаса, оларды жауапкершілікке тартатын болады.