Ақтөбе облысында қанша мопед тіркелді?

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 600-ден астам мопед тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Еркін Өтегеновтің айтуынша, былтыр Ақтөбе облысында мопедтің қатысуымен жалпы саны 100-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 адам көз жұмып, 50-ден астам адам дене жарақатын алған.
Мопедтерді 5 сәуірге дейін тіркеу керек, егер кешіксеңіз, 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Содан кейін көлігіңіз айыппұл тұрағына қойылады. Мопедті жүргізу үшін А, А1 немесе В санатты жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Кез келген адамның куәліксіз көлік жүргізуіне болмайды. Қазір Ақтөбе облысында тіркеу жұмыстары жалғасып жатыр, - дейді Еркін Өтегенов.
Оның айтуынша, өңірде бұған дейін мопедтің санына байланысты мониторинг жүргізілмеген. Биыл жыл басынан бері жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Дегенмен полиция қызметкерлері қазір жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Себебі жасөспірімдер жол қауіпсіздігі ережелерін білмей, соның себебінен жыл сайын жол апатына ұшырауда.
Қала тұрғыны, көп жылдық тәжірибесі бар жүргізуші Айдос Бектеміров мопедті тіркеуден бөлек, оны жүргізетіндерге де талдау жасау керектігін айтады. Себебі қазір екінің бірі мопед жүргізетін болды. Бұл соңғы кезде тіпті сәнге айналып барады.
Қазір Ақтөбенің көшелерінде жап-жас балалар ешбір құжатсыз осындай көліктерді жүргізіп жүр. Алайда олардың дені жол ережесін білмейді, куәлігі болса да, оны сатып алады. Меніңше, мопед жүргізуге кәмелет жасқа толғандарға ғана рұқсат беру керек. 15-16 жастағылар жол апатына ұшыраса, олардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? - дейді ол.