Ақтөбе облысында қанша борышкер алиментін төлемей жүр?
Ақтөбе облысында бауыр еті баласына төлейтін алименттен жалтарып жүрген ер-азаматтардың саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жуырда БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли былтыр балаларына алимент төлемеген 1618 әкеге іздеу жарияланғанын, 1500-ге жуық ер-азамат өз жауапкершілігінен қашып жүргенін айтқан болатын. Тіпті, ол борышкерлердің саны жағынан былтыр елордалықтар көш бастағанын, екінші орында Алматы мен Ақтөбе облыстары тұрғанын мәлімдеген.
Былтыр елімізде 8652 құжат бойынша берешек мүлдем өтелмеді. Оның жалпы мөлшері —14,4 миллиард теңге. Талдау көрсеткендей, алимент төлемеуге борышкерлердің ресми жұмыс орны мен табысының жоқтығы себеп болып отыр, – деді Талғат Уәли.
Ақтөбе облыстық әділет департаментінің берген деректеріне сүйенсек, былтыр облыста алимент өндіріп алу бойынша 17 134 атқару құжаты қаралған. Оның ішінде 3374 құжат толтырылып, 93 құжат нақты орындалған. 2855-і кері қайтарылып, 437 құжат бойынша іс тоқтатылған. Қазір 13 475 құжат бойынша алимент өндіру ісі қаралу үстінде. 308 құжат бойынша жүргізілген жұмыстарда мәселелер туындаған.
Былтыр облыста алимент өндіру ісінде 1684 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Оның 1016-сы қайтарылып, 668-і сотқа жолданды. Нәтижесінде 390 адам қамауға алынып, 262 адам айыппұл төледі. Ал 15 адамның үстінен қаралған іс тоқтатылды, бір дерек бойынша әлі де тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ былтыр алимент өндіруде қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша 71 материал сотқа жолданды. Ал биыл Ақтөбе облысында 112 баланың пайдасына жалпы сомасы 111 448 237 теңгеге алимент бойынша берешек өндірілді. Бүгінге дейін 92 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 63-і бес тәулікке дейін қамауға алынды, 29-ына айыппұл салынды. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша жыл басынан бері алимент төлемдерін өндіріп алу туралы сот шешімін орындамағаны үшін 71 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 50-і қамауға алынса, 21-іне айыппұл салынды, — дейді жеке сот орындаушы Алмас Құлшанов.
Оның айтуынша, ер-азаматтардың арасында өз еркімен немесе адамгершілігімен балаларына алимент төлейтіндер аз. Көп жағдайда борышкерлер мәжбүр болған кезде ғана мойнындағы қарызын өтейді. Бұған бір мысал, жуырда Ақтөбеде тұратын борышкер Әзірбайжан азаматы еліне, ата-анасына барғысына келіп, 10 жыл бойы төлмеген қарызын төлеген. Оның үстінен атқарушылық іс 2016 жылы қозғалған. Алимент бойынша 3 547 920 теңге мөлшерінде берешегі болған. Борышкерге Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерге шығуға тыйым салынған. Шетел азаматы ақпан айында берешегін өтеп, Отанына аттанған.
Жалпы алимент өндіру мәселесі қазір өте өзекті боп тұр. Өңірімізде борышкерлердің саны жыл сайын көбейіп барады. Олардың ішінде балаларына немқұрайлы қарайтын, алимент төлегісі келмейтін ер-азаматтар көп. Елімізде «Неке және отбасы туралы» заңға сәйкес ата-ана баланы тәрбиелеу мен күтіп-бағуға жауапты. Ажырасу бұл жауапкершілікті ата-анадан алып тастамайды. Алимент ай сайын төленуі керек, олардың мөлшері балалардың санына байланысты. Бүгінде Ақтөбе облысында алимент өндіру бойынша 10 мыңнан астам атқарушылық іс қаралып жатыр. Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі тұрақты түрде төленбейді. Борышкерлердің көбі тұрақты жұмысы, табысы жоқ екенін айтса, енді біреулері жауапкершіліктен қашады. Балаларына қамқорлық көрсетуден, алимент төлеуден жалтаратындар және бар, — дейді жеке сот орындаушы Алмас Құлшанов.
Елімізде алимент өндіру мәселесі бойынша 2017 жылдан бастап Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Әділет министрлігінің өзара бірлескен бұйрығы аясында жұмыспен қамту органдары мен сот орындаушылары борышкерлерді еңбекке орналастырып келеді. Мәселен, биыл Ақтөбе облысында 127 борышкер жұмысқа орналастырылған. Былтыр 1287 адам бос жұмыс орындарына жіберілсе, оның 998-і тұрақты жұмыспен қамтылған. Өңірде былтыр 8 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 302 адам қабылдауға жазылған.
Жалпы алимент төлемеуде сылтау да, себеп те жетеді. Алайда ер-азаматтар жауапкершілікті сезінуі керек. Себебі алимент төлейтін — ол өзінің бауыр еті балалары. Соны түсінуі керек. Өкінішке қарай, осындай жауапкершілікті сезінбейтін азаматтар қазір көбейіп барады. Бұл — бүгінгі қоғамның шындығы. Бір мысал, жуырда осындай бір азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, борышкер жауапкершілікке тартылды. Бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, жыл басында қарызы 10 881 946 теңге болатын тағы бір азаматтың үстінен іс қозғалды. Бұл азамат құқық қорғау органдарына іздеуге берілді, — дейді Алмас Құлшанов.
Ақтөбе қаласының әкімшілік-құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты төрағасының міндетін атқарушы Әлия Бисеналинаның айтуынша, қазір алимент өндіру бойынша күн сайын сотта кемінде 4-5 материал қаралады. Демек соңғы жылдары өңірімізде борышкерлердің саны артып барады.
Сотта шешім шығарылған соң ол міндетті түрде орындалуға жатады. Баланың әкесі сот орындаушыға шақырылады. Оған жауапкершілік жөнінде ескертіледі. Соған қарамастан соттың шешімін орындамай жүргендер жетерлік. Бұл тұрғыда біз күніне бірнеше істі қарап жатырмыз. Мәселен, Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңының 669-бабы 1-бөлігі бойынша жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл немесе екі тәулікке дейінгі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазіргі кезде жауапкершіліктен қашқан әкелер 18 460 теңге айыппұл төлейді, не болмаса бес тәулікке дейін қамауға алынады. Көп жағдайда ер-азаматтар жұмысы жоқтығын айтып, сылтауратады. Ең аз дегенде әр әкенің берешегі 1 миллион теңгеге жетеді, — дейді Ә.Бисеналина.
Сот төрағасының міндетін атқарушы өз тәжірибесінде сотта 4,9 миллион теңге берешегі бар азаматтың ісін қарағанын айтады. Ақтөбе қаласының тұрғыны ресми емес жұмыс істейді екен. Бұл азамат екі жыл бойы екі баласына алимент төлемеген. Яғни бұл әке ай сайын екі баласына өз табысының 3/1 бөлігін беруге міндетті.
Дәл қазір менің қолымда алимент өндіру бойынша нақты статистика жоқ. Дегенмен біздің ауданаралық сотқа күн сайын міндетті түрде 4-5 материал келіп, түседі. Көп жағдайда ер адамдар алимент төлеуден жалтарады. Ал бұдан балалар мен аналар зардап шегеді. Өкінішке қарай, борышкер әкелер нақты табысын көрсетпейді. Сотта, тіпті, жұмыс орнын айтпайтындар да бар. Бұл — өте қиын жағдай. Сондай-ақ соңғы кезде облыста балаларына алимент төлемейтін аналардың да саны артып отыр. Олар басқа адаммен азаматтық некеде тұрады, бірақ балаларына материалдық тұрғыда көмектескісі келмейді, — дейді Әлия Бисеналина.
Қалай десек теАқтөбе облысында борышкерлер саны артпаса, кемімей тұр. Өкінішке қарай, балаларына алимент төлемей жүрген ақтөбеліктердің нақты қанша қарызы барын анықтау қиын. Дегенмен бүгінде Ақтөбе қаласында алимент өндіріп алу жөніндегі арнайы кеңсе бар. Онда 15 жеке сот орындаушы жұмыс істейді. Биыл осы сот орындаушылар 112 баланың құқығын қорғап, борышкерлерден қарыздарын өндірген.