Ақтөбе облысында қаіпсіздік мақсатында үйлерді газдан ажыратып жатыр
Ауа райының күрт жылынуынан еріген қардан тасқын жүріп, еліміз аймақтарында күрделі ахуал туындады. Қазір әр өңірде жедел штабтар құрылып, тасқынмен күрес жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әсіресе, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарындағы жағдай күрделірек.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары 28 наурыз күні Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Бірлік және Шалқар ауданының Шетырғыз ауылдарындағы еріген қар суының тасқынына байланысты қауіпсіздік мақсатында 100-ге жуық үйді уақытша газдан ажыратқан еді. Қазіргі уақытта барлық үй жедел түрде газға қайта қосылды.
Ақтөбе қаласында Елек өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты «ЭКО», «Көктем», «Актюбрентген 16», «Саяжай», «Эколог 1», «Алтын күз», «Электрик», «Терек 3», «Зеленострой», «Рассвет-Орман Шаруашылығы» бау-бақша ұжымдары су астында қалды. Бүгінгі таңда тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, 693 үй мен 22 газ тарату шкафы газбен жабдықтау тоқтатылды. Сондай-ақ, Ойыл өзенінің арнасынан асуына байланысты Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал, Жаңабаз, Екпетал ауылдарындағы 230 тұрғын үй мен 2 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын көгілдір отыннан ажыратылды. Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Анқаты елдімекенінде тасқын су бөгетті алып кеткен. Мұнда да қауіпсіздік мақсатында 12 екі пәтерлі үйге (24 тұтынушы) уақытша көгілдір отын беру тоқтатылды. Жауын-шашынның көп түсуі, еріген судың күрт артуы және Шыңғырлау өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Ақсу кентінде су тасқыны орын алды. Тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазіргі сәтте кенттің 112 тұтынушысына газ беру уақытша тоқтатылды, - делінген Энергетика министрлігі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар облыстағы Қаратөбе ауданының Жақсыбай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан бөгет бұзылып, Қоржын ауылын су басуда. Ондағы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін 90 жекеменшік үй шұғыл жағдайда газдан ажыратылды. Қазіргі уақытта су тасқыны жүріп жатқан жерлердегі уақытша газдан ажырату шаралары тек қауіпсіздік мақсатында ғана жүзеге асуда.
Газбен қамтамасыз етумен байланысты кез-келген төтенше жағдайға шұғыл әрекет ету үшін тәулік бойы жұмыс жасайтын авариялық- диспетчерлік қызмет қосылған. Азаматтар 104 нөмірі арқылы шұғыл көмек пен кеңес ала алады.
Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ қызметкерлері авариялық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды.
Аталған өңірдегі тасқын қаупі қалыпқа келтірілген соң тұрғындарға газ беру үшін барлық шаралар жасалатынын хабарлаймыз.