Ақтөбе облысында психологтар неге тапшы?
Ақтөбе облысындағы білім беру орындарында психолог мамандар тапшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Әділбек Биманбаевтың айтуынша, қазір әрбір мектепте балалармен жан-жақты жұмыс жүргізетін екі-үш психолог болуы керек. Психологтар саны артса, жасөспірімдер арасындағы суицид, бұзақылық деректерінің саны азаяды.
Қалаға қарағанда бүгінде ауыл-аймақтарда психологтар тапшы. Сол себепті балалармен жүйелі жұмыстар жүргізілмейді. Егер мамандар бір жылда бірнеше рет оқушыларға психологиялық сауалнамалар ұйымдастырып, әңгімелесулер өткізсе, олар жамандыққа бармайды. Психикасында ауытқуы бар, өзіне-өзі қол жұмсауға бейім балалар да дер кезінде анықталар еді, - дейді ол.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы Амина Нурманованың айтуынша, бүгінде өңірдегі 403 мектеп пен 40 колледжде 513 психолог жұмыс істейді.
Қазіргі таңда білім беру орындарында психолог мамандардың тапшылығы олардың бала күтіміне байланысты демалысқа шығуы, көшіп-қонуы, басқа қызметке ауысуы салдарынан туындап отыр, - дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінде Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының психологиялық-әлеуметтік қолдау бөлімінің жанында «Жан сыры» психологиялық кабинеті жұмыс істейді.
Мұнда мамандар оқушылар мен ата-аналарға жеке және топтық терапиялар, тренингтер, семинар-практикумдар және шебер-кластар өткізеді.
Жуырда облыстық білім басқармасына қарасты «Jan Ahual» психологиялық қолдау орталығы мекемесі құрылды. Қазір мекеменің құжаттарын тіркеу жұмыстары жүргізілуде, - дейді Амина Нурманова.