Ақтөбе облысында өрт сөндіру станциялары жеткіліксіз
Былтыр Ақтөбе облысында жалпы аумағы 4 мың гектардан аса алқап өртеніп кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, облыс аумағында өртенген 4 мың гектардан аса алқапта 106 табиғи жану және өрт оқиғасы болған. Оның ішінде 600 гектардан астам алаңда 18 орман өрті болса, 1745 гектар алаңда 2 дала өрті, 2471 гектар жерде дала алқаптарының 86 жану оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіштер 2022 жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен, дегенмен өңірде өрт оқиғаларының алдын алуда биыл жан-жақты жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Биыл өрт қаупі төнетін маусымда өрт оқиғаларының алдын алу және оларды сөндіруге бағытталған арнайы қаулы жобасы дайындалды. Бүгінде облыс аумағында қоғамдық бірлестік мәртебесі бар 14 ерікті өртке қарсы құрылым бар, олардың құрамына 2 мыңнан астам ерікті өрт сөндіруші кіреді. Олардан құралған 142 команда облыстағы әрбір ауылдық округте жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ өртке қарсы қызметте 641 техника, 243 өрт мотопомпа және 1500-ден астам аспалы өрт сөндіргіш бар, - дейді департамент бастығы.
Оның айтуынша, биыл облыс аумағында 10 өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған. Қазір 7 өрт сөндіру бекетін құру туралы қаулы шығарылған. Сондай-ақ ерікті өртке қарсы құрылымдарды 89 өрт мотопомпасымен, 21 су тасымалдауға арналған тіркемемен, 444 аспалы өрт сөндіргішпен, 265 дана арнайы киіммен, 1473 дана қорғаныс киімімен, 243 моторлы сөндіру құралымен жабдықтау қажет.
Бүгінде өңірімізде орман шаруашылығы мекемелерінің өрт мұнараларымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 0%-ды құрайды, өздігінен жасалған 9 өрт мұнарасы Қазақстан Республикасы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмейді. Орман шаруашылығы мекемелерінің өрт сөндіру автомобильдерінің паркін жаңарту қажет. Орман шаруашылығы мекемелерінде орман өртін сөндіру станцияларының саны жеткіліксіз, өрттен қорғауды қамтамасыз ету үшін қосымша 7 орман өрт сөндіру станциясын құру қажет. Қазір облыс аумағында үш орман өрт сөндіру станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Енді қосымша 4 орман өрт сөндіру станциясын салу қажет. Сондай-ақ республикалық бюджет есебінен орман өрт сөндіру станциясы құрылғанымен, өңірдегі Ырғыз-Торғай резерватының аумағын өртке қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі мәселе шешілген жоқ. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап қазірге дейін Ақтөбе қаласының орталығында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттеріндегі жанғыш әрлеуді ауыстыру мәселесі де шешілмей келеді, - дейді Жүнісов.
Ал Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, бүгінде облыс бойынша орман және жануарлар дүниесін қорғайтын 9 мекеме бар. Олар - Ақтөбе қаласындағы, Үлкен-Борсық, Қарабұтақ, Мәртөк, Темір, Ойыл, Қобда, Орқаш, Байғанин аудандарындағы мекемелер.
Ақтөбе облысында бүгінде мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы – 217 848 гектар болса, оның ішінде орманмен көмкерілгені – 51 770 гектар жер. Өңірдегі орман мекемелерінде 498 адам жұмыс істейді. Орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде орман қорының есебіне сәйкес жалпы аумағы 215 гектарды құрайтын 7 орман тәлімбағы бар. Сондай-ақ Орқаш, Байғанин орман мекемесінен тәлімбақ құру жұмыстары жүргізілуде. Қазір орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелерінде қажетті техникамен, құрал-жабдықтармен жабдықталған 7 орман өртін сөндіру станциясы жұмыс жасайды. Олардағы штат саны 63 адамнан құралған. Әр станцияда бір станция бастығы, бір жүргізуші, 4 өрт сөндіруші, бір радиооператор, бір тракторшы-машинист және бір жөндеуші бар. Орман-дала өрттерін бақылауға тоғыз бақылау мұнарасы орнатылған, - дейді Бақыткелді.
Оның айтуынша, қазір облыста орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне 7 орман өртін сөндіру станциясын салу қажет. Бүгінде Орқаш, Қобда, Қарабұтақ орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты үш орман өртін сөндіру станциясының құрылысы жүріп жатыр.
Биыл облыста қосымша 4 орман өртін сөндіру станцияларының құрылысына (Ақтөбе – 1, Қарабұтақ – 2, Мәртөк – 1) жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу бойынша бюджеттік өтінімдер әзірленуде. Сондай-ақ алдағы уақытта орман мекемелерінің өртке қарсы материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін барлық орман мекемелеріне 13 өрт сөндіру техникасын, 18 өрт бақылау мұнарасын, орман алқаптарындағы өрт жағдайларын ерте анықтау және алдын алу үшін 8 пилотсыз ұшу аппаратын (дрон) сатып алу жоспарланып отыр, - дейді ол.
Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, былтыр облыстағы мемлекеттік орман қоры аумағында 629,2 гектар алқапта орман өрті болған. Оның ішінде орманмен көмкерілген алқаптың көлемі – 24 гектар. 2023 жылы орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында облыстық бюджет қаражатынан 904,4 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 24 трактор, бір автобус, бір шағын автобус, 25 орман отырғызу машинасы, 15 соқа, 16 қопсытқыш, 7 тісті тырма, 10 дискілі тырма сатып алынған. Сонымен қатар 7,5 млн теңгеге нысандық киімдер сатып алыныпты. Енді 2024-2026 жылғы жоспарға сәйкес, биыл өңірде 4 орман өртін сөндіру станциясының құрылысына жобалық сәйкестендіру құжаттары әзірленіп, келер жылы құрылыс нысандары салынады. Бұл мәселеде ақтөбеліктер Қарағанды облысының тәжірибесін негізге алмақ. Нақтырақ айтсақ, Ақтөбе облысында қарағандылықтар салған, бағалық құны 94 млн теңге болатын құрастырылмалы-модульдік өрт сөндіру станциясы салынады.
Биыл біз өңірдегі ормандарды өрттен қорғау және өрт оқиғалары болған жағдайда оларды дер кезінде сөндіру жұмыстарына өртке қарсы 14 шағын орман патрульдік-кешенді автокөлігін және 20 патрульдік автокөлігін, 9 ұшқышсыз ұшу аппаратын, 16 мобильді радиостанция, 84 спутниктік навигация құралын, 311 тасымалданатын радиостанция сатып алуды жоспарлап отырмыз, - дейді Жомарт Бақыткелді.
Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде өрт оқиғалары жиілеп кетті, оның ішінде орман өрті көбеюде. Осы орайда Ақтөбе облысында орман өртінің алдын алуда қарқынды жұмыстар жүргізілуі керек. Биыл тиісті басқармалар осы бағытта жұмыс істейтіндерін айтады. Қалай болғанда да тілсіз жаудан сақтанған дұрыс. Әйтпесе көктемгі су тасқыны сияқты жазда өрт оқиғалары көбейіп, халық тағы зардап шегуі мүмкін...