Ақтөбе облысында мектеп ғимаратының төбесінен су ағып тұр

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Ақкемер ауылындағы орта мектептің төбесінен бір жылдан бері су ағып тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған білім беру ұйымының директоры Әсел Бүркіталинаның айтуынша, биылғы оқу жылында бұл мектепте жалпы саны 352 бала білім алған. Ал мектеп алдындағы даярлық топ пен шағын орталықты қосқанда қазір мұнда 409 бала оқиды.

 Мектеп ғимаратының іргетасы 1979 жылы салынған. Одан кейін ғимаратқа он шақты жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген. Қазір мектептің төбесінен басқа бөлігіне жөндеу қажет емес. Терезелері, едендері жаңартылған. Тек көктем-жаз айларында жауын-шашын болғанда ғимараттың төбесінен су ағып тұр. Биыл көктем айларында үшінші қабаттағы оқу кабинеттеріне су ағып, соның салдарынан мұғалімдер мен кіші қызметкерлер біраз қиындық көрді. Егер мектептің төбесі биыл жөнделмесе, онда алдағы жаңа оқу жылында балалардың білім алуына кедергі келтірері анық. Қазір бізге ең бастысы мектептің төбесін түгел жөндеп, шатыр салып берсе екен дейміз. Жалпы, ғимараттың төбесіне қара қағаз төселген, шатыры ескірген, — дейді Әсел Бүркіталина.

Оның айтуынша, бүгінде мектепке көгілдір отын тартылған, ауызсу да бар. Білім беру орны қыста жылы, мұнда балаларға барлық жағдай жасалған. Жуырда Ақтөбе облыстық және Мұғалжар аудандық мәслихаттарының депутаттары келіп, мектептің жағдайын көріп кеткен. Мектеп басшылығы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаржы керектігін айтып, депутаттардан көмек сұрапты.

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Наурызбек Сарбасовтың айтуынша, мектеп ғимаратын жөндеуге жуырда облыстық бюджеттен 32 млн теңге қаржы бөлінген. Әзірге конкурс өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстары жеңімпаз анықталған соң басталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы