Ақтөбе облысында мектеп есепшілері өздеріне артық ақша аударған

Ақтөбе облысында мектеп есепшілері өздеріне артық еңбекақы аударып отырған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша ішкі аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов айтып берді.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласындағы №14 орта мектептің бас есепшісі мен есепшісі өздеріне 3,4 млн теңге көлемінде артық еңбекақы аударған.

Аталған мекеменің бекітілген тарификациясы мен штаттық кестесін тексеру кезінде мұғалімдер мен қызметкерлердің еңбекақысын есептегенде заңмен белгіленген мөлшерлемеден асып кету фактілері анықталды. Нәтижесінде екі есепші мен бір мұғалімге 2,3 млн теңге қаржы артық аударылғаны белгілі болды. Сондай-ақ мұғалімдердің тестілеу нәтижелерінің сертификатын тексеру барысында оларға педагогикалық санаты үшін айлығына қосымша мемлекет тарапынан 2,4 млн теңге артық төленген. Бұл бұзушылықтар бойынша мектептің бас есепшісі мен директордың орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — дейді Сәкен Қасымов.

Оның айтуынша, аталған мектеп есепшілері бұған дейін де осындай заңсыздыққа барған. Мәселен, 2021-2023 жылдары аралығында есепшілер өздеріне жалпы сомасы 7,3 млн теңге артық қаражат аударған. Аудит қорытындысы бойынша былтыр есепшілер тәртіптік жазаға тартылып, бюджетке 7,5 млн теңге қайтарған.

Сәкен Қасымов мұндай заң бұзушылықтар облыстағы бірнеше білім беру мекемесінде анықталғанын жеткізді. Мәселен, биыл Жайсаң арнайы білім беру мекемесінде жұмысшыларға 18,9 млн теңге артық қаржы аударылған. Бұл іс бойынша барлық жауаптылар жазаға тартылып, қаржы бюджетке қайтарылған. Сондай-ақ Байғанин ауданындағы «Шаттық» бөбекжай-бақшасында ата-аналардан алынған жарна заңсыз жұмсалғаны анықталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы