Ақтөбе облысында көрнекі ақпараттардан 300-ге жуық қате анықталған

Ақтөбе облысында тіл мамандары мониторинг жүргізу барысында көрнекі ақпараттардан 300-ге жуық қате анықтаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жарнама мен көрнекі ақпараттарда «Тіл туралы» Заңнаманың сақталмауы өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бұл жерде басқармаға көрнекі ақпараттарды бақылау құзыретінің берілмеуі тиісті саланы реттеуге кері әсерін тигізуде. 

Дегенмен басқарма тарапынан көрнекі ақпараттарға мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Биылғы жылдың І тоқсанында Ақтөбе қаласындағы 187 кәсіпкерлік нысаннан, оның ішінде «Мега-Шығыс», «Ақтұлпар», «Электросила» сауда үйлері сияқты ірі нысандарда 298 қате көрнекі ақпарат мәтіні анықталып, «Тіл туралы» заңнама талаптарына сәйкестендіру ұсынылды. 19 жарнама агенттігінен 345 жарнама мәтінінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының дұрыс рәсімделуіне келісім беру бойынша басқармаға түскен ұсыныстың 190-на келісім берілді. Қалған 155 жарнама мәтіні қатесін түзету үшін кері қайтарылды. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтар жойылды, — дейді А.Қонақбаев.

Аталған басқарма биыл мемлекеттік органдарда құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне де мониторинг жүргізген. Нәтижесінде Ақтөбе облысы әкімдігіне қарасты мемлекеттік органдарда іс-қағаздардың мемлекеттік тілдегі үлесі 97,7 пайызды көрсеткен. Дегенмен өңірде жиналыстарды орыс тілінде жүргізу «дәстүрі» әлі азаймай келеді. 

Бұл орайда биыл облыстағы орыстілді Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында 778 тұрғынға тілдерді оқыту курстары жүргізілді, — дейді басқарма басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы