Ақтөбе облысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталды
Биыл Ақтөбе облысында 806,4 мың га алқапта көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
Егіс жұмыстарына дайындық облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібәлиевтің ақпаратына сүйенсек, дәнді дақылдар 458 мың га, майлы дақылдар 67 мың га, мал азығы дақылдары 274 мың га, картоп 3,5 мың га және көкөніс бақша дақылдары 3,4 мың га жерге егіледі.
Көктемгі егіске 51 мың тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымы қажет болса, бүгінгі таңда 47 мың тонна құйылды немесе 92%. Аудандарда тұқым себу жұмыстары жалғасуда.
Көктемгі далалық жұмыстарына 6,2 мың тонна арзандатылған дизель бөлінді. Энергетика министрлігі тарапынан жақын арада дизель отынына баға белгіленген соң заңнамға сәйкес жеткізуші операторды анықтау жұмыстары жүргізіледі. 1528 трактор, 135 егіс кешені, 1446 мың тұқымсепкіш пен 1432 мың жер өндейтін техника жұмылдырылмақ.
"Кең дала-2" бағдарламасы бойынша "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ және "Ақтөбе" ӘКК арқылы егіс науқанын жүргізуге жылдық 5% сыйақы мөлшерлемесімен қазіргі уақытта 3,9 млрд теңгеге өтінімдер қабылданып, 2,0 млрд теңгесі мақұлданды және 532,6 млн теңге несие берілді. Өтінімдерді қабылдау жалғасуда. Бұдан өзге, өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 1,2 млрд теңге бөлінді, қаржы тұқым шаруашылығын дамытуға; минералды тыңайтқыштар, пестицидтер және суармалы судың құнын арзандатуға бағытталады, - деп мәлімдеді Асқар Жүсібәлиев.
Басқарма басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысының елімізде тұқым шаруашылығын дамыту туралы тапсырмасына сәйкес 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Жоспарға сәйкес өңірлерде ауыл шаруашылығы дақылдарының элиткалық тұқым үлесін көтеру көзделген. Бұл мақсатта облыстың астықты аудандары Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында алдыңғы қатарлы шаруашылықтар базасында тұқым шаруашылығы субъектілерін құру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру қажет.
Қолданыстағы субсидиялау тетігін пайдалана отырып, элиталық тұқымға субсидияланатын егіс көлемін 15-тен 30%-ға, бірінші репродукциялы тұқымға 20-дан 40%-ға дейін ұлғайту ұсынылды. Бұл өз кезегінде тұқым өндірісін ұлғайтуға ынталандырып, шаруашылықтардың сапалы тұқымға қолжетімділігін арттырады.
Облыс әкімі егіс науқанына дайындықты жылдамдатуды және белгіленген мерзімдер аясында барлық қажетті жұмысты орындауды тапсырды. Сондай-ақ оларға аталған төрт ауыл шаруашылығы ауданында жетекші шаруашылықтар базасында тұқым шаруашылығы субъектілерін құруды ұйымдастыру тапсырылды.
Барлық дайындық жұмыстары уақытында аяқталуы керек және біз ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тұқымдарды, техниканы және отынды қоса алғанда, қажетті ресурстармен қамтамасыз етуіміз керек. Тұқым жинау мәселесімен айналысуға тиіспіз. Қорды дәл жоспарлаған жөн. Аудан әкімдері картоп пен көкөніс дақылдарын отырғызу алаңдарын кеңейту, шаруашылықтарды тарту және әсіресе суармалы жерлерді пайдалану мәселесін пысықтауы керек. Бұл өңірдің өнімділігін арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды қадам, - деп атап өтті Асхат Шахаров.