Ақтөбе облысында көгалдандыру жұмыстары қалай жүргізілді?
Биыл Ақтөбе қаласы мен елді мекендер аумағында 333 мың түп көшет егілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелдінің айтуынша, өңірде 2021-2025 жылдар аралығында 30,7 мың гектар алқапқа 60,2 млн дана орман екпесін егу жоспарланған. Биыл облыс бойынша жалпы аумағы 6558,6 гектар алқапқа 12,7 млн түп екпе егілуге тиіс. Қазіргі таңда соның 2,9 млн түбі егілген. Сондай-ақ 2021-2024 жылдары Ақтөбе қаласы мен елді мекендер аумағында 375 мың түп көшет егу жоспарланса, бүгінде 333 мың түп көшет отырғызылған. Яғни жоспар 89 пайызға орындалды.
Биыл өңірде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Мәселен, облыс бойынша жалпы саны 200-ден астам су нысаны аумағы, 42 субұрқақ пен жалпы ұзындығы 85 297 метр болатын арықтар қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ 13 397 шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, батырлар мен белгілі тарихи тұлғаларға арналған 257 ескерткіштің аумағы жиналды. Бұл бағыттағы жұмыстарға 5 130 техника жұмылдырылып, қатты тұрмыстық қалдық полигонына 59 мың тонна қоқыс шығарылды. Бұдан бөлек, жыл басынан бері 287 саябақ пен сквер тазартылып, елді мекендер аумағына 335 087 ағаш көшеті егілді, - дейді Жомарт Бақыткелді.
Оның айтуынша, қазір облыстағы 7 тәлімбақта орман екпелерін өсіру және орман өсімдіктері тұқымдарын жинау жұмыстары, сондай-ақ орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды жою бойынша іс-шаралар қарқынды түрде жүргізіліп жатыр.
Қазір екі облыста өрт оқиғалары тіркеліп, алқаптар өртенуде. Сондықтан өңірде оқыс оқиғалардың алдын алу өте маңызды, - дейді басқарма басшысы.