23 Қараша 2026, 21:50 Фото: BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақтөбе облысында із-түзсіз жоғалған әйел табылды

Іздестіру жұмыстарына барлығы 42 адам мен 11 техника жұмылдырылды.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында жоғалып кеткен 1975 жылы туған әйел аман-есен табылды. Іздестіру жұмыстарын Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен өзге де қызмет өкілдері жүргізді.

Оқиға 22 қараша күні болған. Сағат 09:00 шамасында әйел Қотыртас ауылынан 12 шақырым жердегі шаруа қожалығының аумағынан шығып, қайта оралмаған. Оны іздеуге ТЖМ, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, еріктілер, «Мөңке би» жасағының мүшелері мен шаруа қожалығының жұмысшылары жұмылдырылды.

Іздестіру тобы әйелді «Ынтымақ» шаруа қожалығынан 12 шақырым қашықтықта тапты. Оған медициналық көмек қажет болмаған.

Іздестіру жұмыстарына барлығы 42 адам мен 11 техника жұмылдырылды. Сонымен қатар үш ұшқышсыз ұшу аппараты, спутниктік байланыс құралдары және жылу түсіргіш құрылғылар пайдаланылды.