Ақтөбе облысында интернетсіз отырған 45 ауыл бар

Ақтөбе облысындағы 311 ауылдың 266-сы ғана интернетпен қамтылған. Қалған 45 ауыл интернетсіз отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Интернет желісі тартылмаған ауылдардың бірі — Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылы. Бұл ауылда Ксell ұялы байланыс операторы бар. Алайда интернет жұмыс істемейді. 

Қазір ауылымызда 120 түтін бар. Мектепте де, әкімшілікте де интернет жоқ. Бірнеше айдан бері Starlink желісі арқылы интернетке қосылып отырмыз. 20-30 үй болып ақша жинап, арнайы аппарат сатып алдық. Ауылдағы әлеуметтік нысандар да, тұрғындар да осы Starlink желісін пайдаланып отыр. Жалпы, ауылымызға сапалы интернет желісі қосылса екен дейміз. Бұл бізге де, балаларға да қажет, - дейді ауыл тұрғыны Жансая Бөлебаева.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, өңірде ғаламтормен қамтылмаған ауылдардың ішінде Байғанин ауданындағы Оймауыт, Миялы, Дияр ауылдары шалғайда орналасқандықтан, оларға инфрақұрылымдық құрылыс салу керек. Бұл ауылдарда қазір 1505 адам тұрады. 

Аталған үш ауылды “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында интернетке қосуды жоспарлап отырмыз. Ал 2027 жылға қарай 100-ден аз тұрғыны бар облыстағы 26 ауылды спутниктік интернет арқылы Wi-Fi желісімен қамтамасыз етеміз. Бұл орайда былтыр 22 ауылды интернетпен қамту жоспарланса, соның 21-і орындалды, - дейді ол.

Оның айтуынша, биыл өңірдегі 16 ауылды интернетпен қамту жоспарда бар. Мәселен, екі ауылға “Ауылтелеком” ЖШС базалық станция орнатса, 9-ында инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде бір ауылда мобильді интернетпен қамту “Қолжетімді интернет” ұлттық жобасы аясында іске асырылады. Ал 5 ауылда әзірге инфрақұрылым жүргізуге қаржы бөлінбеген.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы