Ақтөбе облысында газ неге тапшы?

Ақтөбеде сұйытылған газға тапшылық байқалады. Қазір облыстағы газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек, ал кешқұрым бірқатар бекет тіпті жабық тұр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Сабыр Мәуленов бірнеше жылдан бері такси жүргізеді. Тәжірибелі жүргізуші қала аумағында бірнеше күннен бері газға кезекте тұрғанын айтады. Себебі көп бекетте газ жоқ, ал бірқатары талон ғана қабылдайды.

Осындай жағдай биыл жаз айларында да болды. Кезекте тұрып қаншама уақытымызды кетірдік. Қазір Ақтөбеде көлік көп, ұзын-сонар кезек. Газдың бағасы түскенімен, қоры болмаған соң бізге қиындық тудырады. Жауапты адамдар осы мәселені шешсе екен, - дейді ол.

Ақтөбе облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, қазіргі тапшылық - уақытша мәселе. 

Қазіргі таңда өңірге қажет сұйытылған газ көлемі 13 500 тонна болып отыр. Алайда қыркүйек айында өңірге небәрі 10 530 тонна газ жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты облыстың бірқатар жерінде газ тапшылығы байқалады. Бұл мәселе, негізінен, сұйытылған газ өндіретін зауыттарда, атап айтсақ,  «Атырау мұнай өндеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «СНПС-АқтөбеМұнайГаз» акционерлік қоғамында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына байланысты шығып отыр. Біз осы мәселені шешу үшін «Қазақ Ойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімге келдік, нәтижесінде қосымша 355 тонна сұйытылған мұнай газын бөлінетін болды. Сондай-ақ Ақтөбе облысына қыркүйек айында қосымша тағы 620 тонна сұйытылған мұнай газы «Тенгизшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен әкелінеді.  Бұл жағдай қазір басқарманың  бақылауында тұр, - деді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысында 170 мыңнан астам автокөлік болса, соның 29 пайызы, яғни 50 мыңы газбен жүреді. Қазір облыстағы сұйытылған газдың бағасы - 50 теңге. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы