Ақтөбе облысында экологияға зиян келтірген кәсіпорындар анықталды

Ақтөбе облысында экологиялық талаптарды бұзған кәсіпорындарға айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Тұрар Қожанов айтып берді. 

Биыл біздің мамандарымыз 36 тексеру шарасын жүргізіп, нәтижесінде 260-тан астам бұзушылықты анықтады. Мәселен, экологиялық талаптарды бұзғаны үшін «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС-не 15 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 15 855 777 теңге, «AltynEX Company» АҚ-на — 1 674 322 теңге, «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң кен-байыту комбинатына 11 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 әкімшілік хаттама бойынша 38 689 610 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Кенқияқ» кен орнындағы №215 ұңғымадан бу шығару апаттық жағдайы орын алып, аталған дерек бойынша 2 әкімшілік хаттама толтырылып,  2 769 000 теңгеге айыппұл салынды. Қазір 6 әкімшілік хаттама сотта қаралуда. Сондай-ақ прокуратура қаулысына сәйкес «Восход Хром» ЖШС-не 2022 жылға экологиялық рұқсат алмағаны үшін 2,9 миллиард теңгеге айыппұл салынды, — дейді ол.

Тұрар Қожановтың айтуынша, департамент өңірдегі «Коммунальщик» МКК, «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң кен-байыту комбинаты, «Ақтөбе мыс компаниясы», «Абыз-LTD» «Коппер Технолоджи» ЖШС-теріне қатысты әкімшілік іс көтерген. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы бойынша заңсыз қалдықтар орналастырылған 11 жер учаскесін анықтап, жергілікті атқарушы органдарға тазарту жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы тапсырмалар берген. 

Биыл облыста 4 апаттық жағдай тіркелді. Олардың қатарында бу шығару, тұрмыстық қалдықтар полигонының жануы, кәріздік ағынды суларды тазартусыз рельефке ағызу деректері бар, — дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы