9 Қыркүйек 2026, 08:50
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі
Ақтөбе облысында екі жаңа жол өткелі пайдалануға берілді
Оның бірі Ақжар ауылы маңында, екіншісі Жазық теміржол өткелінің үстінде орналасқан.
Ақтөбе облысының Хромтау ауданында Ақжар және Жазық ауылдары арасындағы жаңа жолда көлік қозғалысы ашылды.
Ұзындығы 28 шақырым болатын бірінші техникалық санаттағы жаңа асфальт жолда екі жол өткелі салынған. Оның бірі Ақжар ауылы маңында, екіншісі Жазық теміржол өткелінің үстінде орналасқан.
Қазіргі уақытта төрт жолақтың екеуі көлік қозғалысына ашылды. Жол өткелдерінің іске қосылуы көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, теміржол өткелінде күту қажеттілігін жояды.
Бұл жұмыстар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын үшінші техникалық санаттан бірінші санатқа ауыстыру жобасы аясында жүргізілуде.
Жаңғыртылатын жолдың жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Жеті учаскенің барлығында мердігерлер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.