Ақтөбе облысында дендрологиялық жоспар орындалды ма?
Биыл Ақтөбе облысында бірқатар аудандарда дендрологиялық жоспар орындалмағаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Асқар Жүсібалиев айтып берді.
Оның айтуынша, 2021-2025 жылдары Ақтөбе облысының елді мекендеріне 536 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Бүгінге дейін Ақтөбе қаласы мен елді мекендер аумағына 333 мың түп көшет егілген.
Қазіргі таңда өңірде қала және аудан әкімдіктері күз мезгіліне ағаш отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Бүгінде 500 мың ағаш көшетін абаттандыруға мүмкіндік бар. Басқармаға қарасты орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі тәлімбағында өсірілген 12 мың ағаш көшеті қала және елді мекендерді абаттандыруға үлестірілді. Бұған дейін Ақтөбе қаласы мен аудандардың 142 елді мекенінің 108-іне дендрологиялық жоспар әзірленген болатын. Қалған 34 елді мекенге тиісті құжаттамалар дайындау жұмыстары жүргізілуде. Өкінішке қарай, биыл Әйтеке би, Қобда, Мұғалжар, Байғанин аудандарында жасыл желек егу жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізілмеді, жоспар орындалмады, - дейді ол.
Басқарма басшысының айтуынша, Ақтөбе облысының аудан әкімдіктеріне 2021-2025 жылдары 1200 гектарға жасыл аймақтар құру жоспары бекітілген. Бүгінде 775 гектар алқапқа жасыл аймақтар құрылған. Қалған бөлігі келесі жылы жүзеге асырылмақ.
Қазір бұл бағытта жұмыстармен қатар су тасқыны кезінде бұзылған гидротехникалық құрылыстарды қалыпқа келтіріп жатырмыз. Мәселен, облыста 14 қорғаныс бөгеті мен өзен жағасын бекіту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 18 қорғаныс бөгетін жөндеу мен салуға жобалар дайындалуда, - дейді Асқар Жүсібалиев.