Ақтөбе облысында бюджеттің 20 млрд теңгесі игерілмеген
Ақтөбе облысында өңір бюджетінің 20 млрд теңгесі игерілмеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті комиссия отырысында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Назымгүл Баймағамбетова мәлімдеді.
2024 жылға облыс бюджетінің шығыс бөлігі бойынша түзетілген бюджет 660 947 781,2 теңгеге жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес, биылғы жылдың 1 қыркүйегіне 391 396 333,6 теңге жоспарланса, қазір бұл қаржының 94,8 пайызы игерілген. Ал игерілмеген қаражат көлемі — 20 187 551,0 теңге. Бюджеттік бағдарлама әкімшілері аталған қаражатты облыстағы басқармаларға бөлген болатын. Мәселен, Ақтөбе облысы әкімінің аппаратына биыл 10 415 335,0 теңге қарастырылған. Бүгінде қаржының 97,3 пайызы игерілді. Игерілмеген 218 046,1 теңге жұмылдыру дайындығы басқармасының құрылуына және әкімдердің сайлауын өткізуге жұмсалады, — деді ол.
Оның айтуынша, биыл бюджеттен бөлінген қаржыны игеруде облыстағы басқармалар арасында Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы соңғы орындарда тұр. Мәселен, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бюджеттен бөлінген қаржының 80,7 пайызын ғана игерген.
Аталған қаржы облыстағы гидротехникалық құрылыстарды күрделі жөндеу, сондай-ақ Байғанин ауданындағы жылжымалы құмдарды шоғырландыру жұмыстарының аяқталмауынан игерілмей отыр, — дейді Баймағамбетова.
Ал құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы бюджет қаражатының 83,8 пайызын игерген. Қалған қаржының игерілмеуіне аудандарда бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысының аяқталмауы себеп болып отыр.