Ақтөбе облысында бір ауылдың тұрғындары жол қатынасынсыз отыр

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылының тұрғындары көктемгі су тасқынынан кейін әлі күнге дейін жолсыз отыр. Себебі ауылға келген ағын су әлі кетпеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жайсаңбай ауылының тұрғыны Кенжебек Жәнібековтің айтуынша, биыл көктемде ауылға су қатты келген. Алдымен Ырғыз өзені тасыған, кейін бір айға жетпей Торғай өзенінен ағын су келіп, ауылды «қоршаған». Осылайша бүгінде ауыл судың ортасында қалып отыр.

Сондай-ақ тасқынның салдарынан ауылдың шетіндегі екі үйді су басқан.

Қазіргі таңда жайсаңбайлықтар аудан орталығына бару үшін көлік тұратын жолға қайықпен қатынауға мәжбүр.

Жан-жақтан келген ағын судың салдарынан аралда қалдық. Жолды су шайып кетті. Өзім ауылдағы медициналық пункте фельдшер болып жұмыс істеймін. Көктемде біз науқастарды қайықпен қатынап, аудан орталығынан келген жедел жәрдем көлігіне жеткіздік. Ар жағынан екі жарым сағат жүріп, Ырғыздан жедел жәрдем көлігі келіп, күтіп тұрды. Біз ауылдан қайықпен екі сағаттай жүріп науқастарды көлікке жеткізген кездеріміз болды. Ал жүкті әйелдерді екі-үш ай бұрын аудан орталығына ерте жіберіп отырдық. Жалпы, қазіргі таңда халықтың жол жүруі өте қиын болып отыр. Себебі әлі күнге дейін қайықпен қатынап отырмыз. Егер жақын арада көпір салынбаса, ертең күн суытқанда халыққа обал болады. Алдымыз — қыс, әлі отын-суымыз дайын емес. Ауылымызда газ жоқ, сондықтан күз болмай, көмір тасуымыз керек, ал жыңғылдың бәрі суда қалды. Ауылымыздың жан-жағы су болғандықтан, тұрғындар тіпті малын қарай алмай отыр. Мал далада жүр. Оны қарап, тексеріп жатқан адам жоқ, — дейді ауыл тұрғыны.

Жайсаңбай ауылында бүгінде 70 шақты түтін бар. Оларда 430 адам тұрады. Ауылда жарық, ауызсу, интернет бар. Тек көгілдір отын жоқ. Ауыл тұрғындарының дені мал бағып, күн көріп отыр. Қазір тұрғындар мал азығы мен қысқы отындарын әзірлей алмай әлек.

Кенжебек Жәнібековтің айтуынша, күзге жетпей, жол мәселесі шешілмесе, ауыл азаматтарына өте қиын болады.

Қазір аудан орталығына бару үшін такси жалдаймыз. Таксилер өткелден күтіп алады. Такси жүргізушілері қымбат сұрайды. Мәселен, Ырғызға дейінгі бір бағыттың бағасы салонына — 50-60 мың теңге. Бұл бағаны кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Біздің қазіргі тілегіміз — ауылға көпір салып берсе екен дейміз. Сонда жол қатынасы болады. Жол түзелсе, отынды да, мал азығын да тасуға мүмкіндік бар. Қазір ауылда бәрі мал үшін отыр. Сондықтан малдың санын да білген дұрыс. Бүгінде ауылдың азаматтары малының тірі-өлі екенін білмейді. Жалпы, жағдайымыз мәз емес. Келер жылы тағы су келсе, елді мекеннен көшіп кететін шығармыз, — дейді Кенжебек Жәнібеков.

Ауыл тұрғыны 40 жылдан бері ауылдағы медициналық пункте фельдшер болып жұмыс істейді. Отбасында бес бала тәрбиелеп отырған ел ағасы келер жылы зейнетке шығады екен.

Жайсаңбай ауылының әкімі Руслан Қобановтың айтуынша, тасқын кезінде су шайып кеткен жол әлі салынбайды. Себебі су кетпей, көпір мен жол салу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындарға қайықпен қатынауға тура келеді.

Жолдарды су шайып кеткендіктен, қазір ауылға келген кез келген көлік елді мекеннен 5 шақырым қашықтыққа тоқтайды. Ауылдан адамдар көлікке дейін қайықпен жүреді. Сәуірден бастап осылай қатынап жүрміз. Жол салуға еш мүмкіндік жоқ. Себебі су кетпейінше көпір мен жол сала алмаймыз. Өздеріңізге белгілі, биыл Нұра ауылы түгел суға кетті. Біздің де ауылға ағын су қатты кетті. Жайсаңбай мен Нұраның арасы 200 шақырым болса, Жайсаңбай мен Ырғыздың арасы — 150 шақырым. Қазір екі ауылға да жол жоқ, — дейді ауыл әкімі.

Биылғы тасқын кезінде Ырғыз ауданында Нұра, Жайсаңбай, Белшер, Құйлыс, Мамыр ауылдары зардап шекті.

Ырғыз ауданы әкімі аппаратының басшысы Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, аудан бойынша бүгінде тасқыннан 168 тұрғын үй зардап шеккен. Қазір оның ішінде 7 үй бойынша техникалық тексеру жүргізуші мекеменің үйлерді жөндеу туралы қорытындысы шыққан. Ал 40 отбасыға аудан орталығы — Ырғыз ауылынан дайын үй сатып әперілген.

Бүгінде су тасқыны кезінде баспанасыз қалған отбасыларға жалпы саны 120 үй салынып жатыр. Оның 51-і — Ырғыз ауылында, 63-і — Нұра ауылында, алтауы — Мамыр ауылында. Атап айтсақ, Ырғыз ауылындағы 51 үйдің құрылысы маусым айының басында басталған болатын. Жобаға сәйкес, барлық тұрғын үйдің ауданы — 80 шаршы метр. Іргетасы монолит бетоннан немесе дайын блоктардан салынса, қабырғалары газоблоктан көтеріліп жатыр. Ал тұрғын үйлердің сырты қызыл кірпішпен қапталады. Үйлер толық дайын болған соң тапсырылады, — дейді Ақалмас Тұртаев.

Қазіргі таңда Ырғыз ауылында салынып жатқан 51 үйдің құрылысын 10 мердігер компания жүргізуде. Бүгінде барлық үйдің негіздемесі құйылып, іргетастары қаланған. Төбелері жабылып жатыр. 47 үйге ішкі қондырғылар орнатылса, 48 үйді ақтау жұмыстары жүргізілген. Барлық үйге ішкі инженерлік желілер, терезелер мен есіктер қондырылуда. Оның ішінде 16 тұрғын үй эксплуатацияға берілген.

Бүгінде барлық үйге сыртқы электр, газ және су желілерін жүргізу үшін мердігер ұйымдармен келісімшарт жасалды. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Осы айдың аяғына дейін барлық жұмыстар аяқталуға тиіс. Күзге дейін отбасыларға жаңа баспаналары табысталады. Ал тасқын кезінде түгел суға кеткен Нұра ауылының тұрғындары үшін қазір жаңа баспаналар Сарыоба деген жерден тұрғызылып жатыр. Бұл жерде 63 үйдің қазығы қағылды. Қазіргі уақытта 11 мердігер мекеме үйлердің іргетасын тұрғызуға дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сыртқы электр желілері мен су желілерін жүргізуші мердігерлер де өз жұмыстарын бастады. Бұдан бөлек, ауыл халқы үшін мектеп пен фельдшерлік амбулаторияның да құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, — дейді Ақалмас Тұртаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Мамыр ауылында да 6 үйдің құрылысы басталған. Мердігер мекеме жұмысшылары үйлердің іргетасын құйып жатыр. Бұл ауылда барлығы 15 адам жұмыс істеуде.

Р.S. Біз аудан әкімдігіне де хабарласқан едік. Жайсаңбай ауылына көпір салу мәселесі басты назарда тұрғанын жеткізді. Қазір басты проблема судың кетпей отырғандығы болып отыр. Ал оған әкімдіктегілер ештеңе жасай алмайтынын айтады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ырғыз ауданы әкімдігі мен кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы