Ақтөбе облысында бедеулік диагнозымен 1466 әйел тіркеуде тұр

Ақтөбе облысында бедеулік диагнозы қойылған 1466 әйел тіркеуде тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбедегі жасанды ұрықтандыру орталығы бас директорының орынбасары, медицина ғылымының кандидаты, акушер-гинеколог, репродуктолог Светлана Есенаманованың айтуынша, биыл жыл басынан бері облыста аталған диагнозбен әйелдерге 212 квота берілген. 

Квота алған әйелдердің 56,1 пайызы — түтік-перитонеальді фактор, 24 пайызы — ерлер факторы, 12,3 пайызы — эндокриндік фактор, 7 пайызы — эндометриоз, миома, эндометрия проблемалары, сондай-ақ 0,47 пайызы белгісіз себеппен тіркелген. Айта кету керек, бедеуліктің себебі анықталған кезде 35 жұпта, яғни тіркеудегілердің 16,5 пайызында әйел және еркек факторлары болған. Осылайша, ерлі-зайыптылардың  40,5 пайызында сперматозоидтардың сапасына қатысты мәселелер туындады, — дейді Светлана Есенаманова.

Оның айтуынша, биыл облысқа «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 319 квота бөлінген. Өткен жылы 293 квота берілген. Биыл 1 шілдеге дейін 97 әйел босанса, 20 әйел жүкті болған, сондай-ақ криопротоколдар әлі де жалғасуда.

Биыл облысқа бөлінген квотаның 70 пайызы әйелдерге берілді. Бедеулігі бар ерлі-зайыптылар міндетті әлеуметтік сақтандыру қорында сақтандырылуы керек, өтініш білдіріп, тіркелген жері бойынша тіркеліп, біздің орталықтағы репродуктологтардың кеңсесіне комиссияға келуі керек. Қазір биылғы жылғы бағдарламаның тиімділігі туралы айтуға әлі ерте. Өйткені бағдарлама нәтижесі келер жылдың аяғында белгілі болады. Өткен жылғы нәтижелерге тоқталсақ, 2021 жылы жүктіліктің тиімділігі — 41, 2022 жылы 43,7 пайыз болды. Ал өткен жылдың тиімділігі биыл желтоқсанда шығарылады, — дейді С.Есенаманова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы