Ақтөбе облысында балабақша медбикесі жылдар бойы аз жалақы алып келген

Жуырда Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүргізген аудиторлық тексерулер кезінде Ырғыз ауданындағы «Жұлдыз» бөбекжай-бақшасының медбикесі аз жалақы алып келгендігі анықталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталған департаменттің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, Ырғыз ауданы әкімінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №58 қаулысында балабақша медбикесінің штат бірлігі 0,25 деп бекітілген. Алайда өткен жылы Оқу-ағарту министрінің 21 шілдедегі №224 «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» қаулысында бұл штат бірлігінің көлемі өзгерген. Алайда аудандық білім бөлімі бұл мәселеге назар аудармай, медбикеге 0,25 штат бірлігі мөлшерінде жалақы төлеген.

Демек аудандық білім бөлімі Оқу-ағарту министрлігінің бұл қаулысын назарға алмай, еңбекақы есептеген. Осылайша медбикеге 5 күндік жұмыс аптасына күніне екі сағат есептеліп, жалақы төленгендігі анықталып отыр. Біз аудан әкімдігіне ресми хат жазып, өзгерістер аясында қызметкердің штат бірлігін сәйкестендіру жөнінде ұсыныс жібердік, - дейді С.Қасымов.   

«Жұлдыз» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Бақыт Ералинаның айтуынша, жуырда медбикеге қаулы аясында заңды жалақы төлеу туралы ұсыныс облыстық білім басқармасына жіберілген. 

2013 жылы Ырғыз ауданының сол кездегі әкімі қаулы шығарып (№58), соның аясында штаттарды қысқартуға тапсырма берілген. Соның негізінде былтырға дейін балабақша медбикесі 0,25 штат бірлігімен жалақы алып келді. Былтыр бұл қаулы өзгеріп, медбике биыл арыз жазды. Содан негізінде аудит департаменті мен еңбек инспекциясы бізді тексерді. Аудан әкімінің аталған қаулысы жойылды, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы