Ақтөбе облысында азаматтық қоғам өкілдері сайлауда байқаушы болады
Бүгін «Партиялық емес байқау орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының штабында «Партиялық емес байқау орталығының 2022 жылғы 20 қарашадағы ҚР Президентінің сайлауында қоғамдық байқауға қатысуы туралы» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Жиында «Партиялық емес байқау орталығы» облыстық филиалы штабының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев пен штабтың құқықтық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі, заңгер Айжан Досова орталықтың жүргізіп жатқан жұмыстарын айтып берді.
20 қарашада Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетіні белгілі. Осыған байланысты, біз өңірдің азаматтық қоғамының өкілдері «Партиялық емес байқау орталығының» облыстық филиалының байқаушылары ретінде қатыса отырып, сайлау процесіне өз үлесімізді қосқымыз келеді. Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы жарияланған күннен бастап көптеген жергілікті үкіметтік емес ұйымдар байқау процесіне қатысуға ниет білдірді. Олардың ішінде басым көпшілігі — жастар. Осыған байланысты Ақтөбе облысында «Партиялық емес байқау орталығының» штабы құрылды. Қазіргі уақытта біз орталыққа тіркелген байқаушыларға оқыту және дайындық жұмыстары ұйымдастырылып жатыр. Оның ішінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес өз құқықтарын білу, міндеттерін орындау мәселелеріне ерекше назар аударылады, — деді Н.Шаңғытбаев.
Оның айтуынша, алдағы сайлауда Ақтөбе облысында 502 сайлау учаскесіне аталған орталықтың байқаушылары қатысады. Қазір байқаушылар саяси науқанға жан-жақты дайындалып жатыр.
«Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақтөбе облыстық штабы биылғы жылдың 1 қазанынан бастап жұмыс жасап келеді. Штаб құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жастар, сарапшылар және белсенді азаматтар кіргізілді. «Партиялық емес байқау орталығының» облыстық штабы өңірдің барлық сайлау учаскелерін байқаушылармен қамтуды жоспарлап отыр.
Біз Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы Заңнамаға сәйкес адал және әділ өтетініне сенім білдіреміз, — деді штаб төрағасы Нұржан Шаңғытбаев.